Астана маңындағы құрылыс компаниялары пайдалы қазбаларды өндіруге келісім жасауы тиіс
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының маңындағы барлық құрылыс компаниялары жер қойнауын пайдаланушылармен пайдалы қазбаларды өндіруге немесе барлауға келісім жасасуы тиіс. Бұл туралы astana.kz сайтына қалалық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан хабарлады.
Астана қаласының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы 2012 жылғы 11 мамырдағы Астана қаласы аумағында жалпыға таралған пайдалы қазбаларды барлау немесе өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын беру бойынша Ведомствоаралық комиссияның №2 хаттамалық шешіміне сәйкес, 2012 жылдың 12 мамырынан Астана қаласы аумағында жалпыға таралған пайдалы қазбаларды барлау немесе өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығы берілмейді және конкурстар өткізілмейтінін хабарлайды. Осыған байланысты, барлық құрылыс компанияларына, бас мердігерлерге Астана қаласы маңында орналасқан жалпыға таралған пайдалы қазбаларды барлау және өндіруге келісімшарттары бар жер қойнауын пайдаланушылармен келісім жасасу қажет. «Айта кетейік, есептік кезеңде Астана қаласы аумағында жалпыға таралған пайдалы қазбаларды заңсыз өндірудің 5 фактісі тоқтатылды. Заңсыз өндірілген жалпыға таралған пайдалы қазбалардың жалпы көлемі 5512 м3 құрады. Астана қаласынан 40 шақырым радиуста орналасқан кеніштерді өңдейтін ұйымдармен жер қойнауын пайдалануға келісімшарттары бар жер қойнауын пайдаланушылардың тізімі елордалық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының сайтында ұсынылған» делінген хабарламада.