Астана маңындағы өрт 50 гектарға дейін ұлғайды – әкім мен министр оқиға орнында

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елорда маңындағы өртті сөндіруге көршілес аймақтардан өрт сөндірушілер мен техника көмекке келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық ТЖ департаментіне сілтеме жасап.
None
Фото: қалалық ТЖД баспасөз қызметі

«Астана қаласы ТЖД Өрт сөндіру бөлімшелері алдын ала болжам бойынша 50 гектар аумақта құрғақ шөп өртін сөндіруді жалғастыруда. Қорғаныс министрлігінің тікұшақтары 18 рет – 63 тоннадан астам су шашты. ҚР Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов пен Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек өртті сөндіруді үйлестіру үшін сол жерде жүр», - деп жазылған ТЖД хабарламасында.

Сонымен бірге, елордалық өрт сөндірушілерге көмекке Ақмола облысының жеке құрамынан 18 адам, 5 техника және Қарағанды облысынан 5 техника мен 25 адам көмекке шықты.

Бұған дейін Қорғалжын тасы жолы мен Қосшы қаласына қарай айналма жолдың арасында қураған ағаштың өртеніп жатқанын хабарлаған едік.


Салдарынан Астана көшелерін түтін басып, дәрігерлер көшеге шықпауға шақырды.

Қазгидромет РМК Астанадағы ауа сапасына тексеру жүргізіп, азот оксиді мен азот диоксиді шамадан тыс артқанын хабарлады.


Соңғы жаңалықтар