Астана маңындағы су қоймаларының толу деңгейі 99 пайызға жетті - ТЖМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы маңындағы Талапкер кентіндегі су деңгейі едәуір төмендеді. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Валерий Петров айтты.

Астана маңындағы су қоймаларының толу деңгейі 99 пайызға жетті - ТЖМ

«Талапкердегі жағдай қазір оңалып келе жатыр. Су деңгейі төмендеді. Қазір онда вице-министр Жанболат Смайылов жүр, сондай-ақ ТЖМ күштері жағдайды бақылауда ұстап отыр», - деді ол.

Дегенмен, оның мәліметінше, қалған қар тез еріп кетсе, жағдайдың тағы да ушығып кетуі жоққа шығарылмайды.

«Астананың солтүстігінде қар онша көп қалған жоқ. Дегенмен, қала маңындағы су қоймалары 95-99 пайызға толып тұр. Яғни, енді аз ғана көлемдегі судың өзі қауіпті болайын деп тұр. Мұндай жағдайдағы біздің басты мақсатымыз - адам шығынын болдырмай, құтқару жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу», - деп атап өтті вице-министр.

Естеріңізге сала кетейік, бұрын хабарланғандай, Талапкер ауылында 20 шақты аула су астында қалған болатын. Жазықтан ағып келген қар суы Сарыарқа, Мәдениет, Жеңіс, Достық, Сейфуллин көшелерін басып кеткен.