Астана маңындағы жерасты суларын игерудің техникалық-экономикалық негіздемесіне түзету енгізілмек

АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана маңындағы жерасты суларын игерудің техникалық-экономикалық негіздемесіне түзету енгізіледі. Премьер-Министр Әлихан Смайылов Сенат депутаттарының сауалына жолдаған жауабында осындай мәлімет келтірген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астана маңындағы жерасты суларын игерудің техникалық-экономикалық негіздемесіне түзету енгізілмек

«Экология және табиғи ресурстар министрлігі Астананы кепілдендірілген сумен жабдықтау үшін жыл соңына дейін «Астана су қоймасын толықтыруға арналған құрылыстар салу» жобасы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлейді.

Жоба Есіл өзенінің арнасына Қ.Сәтпаев атындағы каналдың түбін тереңдету арқылы арқылы су жіберуді, сондай-ақ одан «Астана Су арнасы» МКК сорғы станциясының алаңына дейін тірек қоршау құрылысжайын салуды көздейді. Жобаны іске асыру 2 кезеңде жүреді. Құрылыстың болжамды құны – 22 млрд теңге. Іске асыру кезеңі – 2023-2025 жылдар.

Су қоймасын одан әрі қауіпсіз пайдалану мақсатында министрлік оны реконструкциялау жобасын әзірлеуге кірісті. Реконструкциялаудың құны– шамамен 2,5 млрд теңге. Іске асыру кезеңі – 2024-2026 жылдар.

Осылайша, жоғарыда аталған жобаларды қаржыландыру жөніндегі шешім жобалық-сметалық құжаттама сараптамасының қорытындысы бойынша қабылданады», - деп жазады Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ, Астана маңындағы жерасты су көздерін резерв ретінде игеруге күш салынатынын айтқан.

«Астана қаласының қарқынды дамуын, сондай-ақ «Төтенше жағдайлар кезінде қаланы сумен жабдықтаудың резервтік көзі ретінде Астана қаласының маңында орналасқан жер асты суларының кен орнын пайдалану» жобасы бойынша халық санының үнемі өсіп отыруын ескере отырып, әкімдік техникалық-экономикалық негіздемені түзетеді. Осыған байланысты жобаны қаржыландыру жөніндегі шешім техникалық-экономикалық негіздеме сараптамасының қорытындысы бойынша қабылданады», - деп жазылған жауапта.