«Астана марафон-2017» жеңімпазы 850 мың теңге алады
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана марафон-2017» жеңімпазы 850 мың теңге алады. Жарысқа қатысу үшін 15 елден өтініш келіп түскен, деп хабарлады елордалық әкімдіктің медиа орталығы.
Жарысқа Ұлыбритания, АҚШ, Украина, Испания, Ресей, Польша, Нидерланды, Малайзия, Қытай, Қырғызстан, Кения, Италия, Үндістан, Германия мен Австрия сынды елдерден спортшылар қатысады.
«42,2 шақырым қашықтыққа астаналық марафон бойынша жүлде қоры бекітілді. Жеңімпаз (әйел не ер адам) 850 мың теңге көлемінде ақшалай сыйға ие болады», деп хабарлады медиа орталық тілшісіне «Астана марафон» директоры Гаухар Брамлей-Фентон.
Биыл марафон елордада, 17 қыркүйекте өтеді. Спортшылар 3 қашықтықта өзара сынға түседі. Атап айтқанда, 42,2 шақырым - бұл ең төзімділер үшін, 21,1 шақырым - дайындығы мықты спортшылар үшін, әуесқойлар үшін - 10 шақырым.
Онымен бірге марафон аясында скандинав жаяу жүру түрі бойынша жарыс қарастырылған.
Шараға әлемге танымал Кениялық жүгірушілер қатысады деп күтілуде. Олардың ішінде Саймон Кипругут Кируй, Генри Кипсанг және Чебой Хильда Джепкогей бар.
Марафон 17 қыркүйекте, ЭКСПО көрмесіне қарама-қарсы орналасқан Р4 көлік тұрағы аумағынан басталады.