Астана марафоны: «Спорттық отбасы» аталымын пәкістандықтар жеңіп алды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана марафонында «спорттық отбасы» аталымын пәкістандық отбасы жеңіп алды.
Отағасының есімі Джоши, ал балалардың анасының есімі Аника екені белгілі болды.
Оларға «Адидас» фирмасының атынан 50 мың теңгелік серфикат тапсырылды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бұл отбасы марафонда он шақырымдық қашықтықтағы жарысқа кішкентай балаларымен бірге қатысып, көпшіліктің есінде қалды. Астана марафонында шетелдіктер бесік арбадағы балаларымен жарыста жүгірді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, пәкістандық отбасы балаларымен бірге Марафонға қатысу үшін Атыраудан келген. Алдын ала мәліметтер бойынша отағасы «Теңізшевройл» мұнай компаниясында қызмет етеді.
Бастапқыда ата-аналары балаларын бесік арбамен алып келе жатқан еді, кейіннен мәреге жақындаған кезде баланың біреуін әкесі қолына көтерді, ал екінші бала өз аяғымен жүгірді. Шамамен балалар 3-5 жас аралығында.