Astana Media Week 2026: үздік баспасөз хатшылары мен баспасөз қызметтері марапатталды
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада өтіп жатқан Astana Media Week 2026 медиа апталығының екінші күнінде үздік баспасөз хатшылары мен баспасөз қызметтері марапатталды. Сондай-ақ ақпараттық саясат, отандық контент, жарнама нарығы және медиада жаңа технологияларды қолдану мәселелері талқыланды.
Биыл «Үздік баспасөз қызметі» аталымында Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі мен Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі жеңімпаз атанды.
Ал «Үздік баспасөз хатшысы» атағы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Айнаш Қойшыбаева мен Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Мира Сүлейменоваға берілді.
Марапаттау рәсімінен бөлек, медиа апталықтың екінші күні саланың өзекті мәселелеріне арналған пікірталастар мен тәжірибелік кездесулер өтті.
«Қазақстанның ақпараттық саясатындағы жаңа ережелер» тақырыбындағы кездесуде мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы байланыс, баспасөз қызметтерінің жұмысын жетілдіру және қоғаммен тиімді қарым-қатынас орнату мәселелері талқыланды.
Оған ҚР Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Лаура Жақыпова, медиаменеджер Асқар Жалдинов, «Qazcontent» АҚ басқарма төрағасы Әділ Сейфуллин және «Власть» интернет-журналының Астана бюросының жетекшісі Тамара Вааль қатысты.
Ал «Qazaq Creative Power: Қазақстандық вайбты кім қалыптастырады?» атты пікірталаста шығармашылық индустрия, медиа және кино саласының өкілдері отандық контентті дамыту, оны кең аудиторияға таныту және шығармашылық жобаларды ілгерілету жолдарын қарастырды.
Пікірталасқа ҚР Құрылтайының депутаты Асхат Аймағамбетов, Jibek Joly телеарнасының басқарушы директоры Нағашыбек Алдан, журналист Жазира Байдалы, режиссер Ернар Алмабек, кинорежиссер Жандос Құсайынов, Astana AI Film Festival негізін қалаушы Айзатулла Хуссейн және басқа да сарапшылар қатысты.
Медиа апталықта жарнама нарығындағы өзгерістерге де назар аударылды. «Жарнама медиа нарығының жаңа экономикасы» атты стратегиялық сессияда TikTok, Nur.kz, Orda FM, Sport+ Qazaqstan және K Research Central Asia зерттеу компаниясының өкілдері цифрлық платформалардың дамуы мен медиаконтенттен табыс табудың жаңа жолдарын талқылады.
Бағдарламаның тәжірибелік бөлігінде Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің президенті Рүстем Биғари «Деректер экономикасы: бизнес-аналитика басқару мен шешім қабылдауды қалай өзгертеді?» тақырыбында шеберлік сабағын өткізді.
Сонымен қатар «Вайбкодинг: медианың жаңа технологиялық сауаты» LIVE-зертханасы мен «Меншікті медианы дамытуға арналған Tik-Tok LIVE» шеберлік сабағы ұйымдастырылды. Қатысушылар цифрлық құралдарды пайдалану, технологиялық шешімдер әзірлеу және тікелей эфир арқылы медиажобаларды ілгерілету тәсілдерімен танысты.
Айта кетейік, Astana Media Week 2017 жылдан бері өткізіліп келеді. Медиа апталық мемлекеттік органдардың, қазақстандық және шетелдік БАҚ-тың, технологиялық компаниялар мен кәсіби қауымдастықтың өкілдерін біріктіреді. Биылғы мерейтойлық жиын медиа саласын дамытуға, жасанды интеллектіні енгізуге және кәсіби байланысты нығайтуға бағытталған.
Бұған дейін Astana Media Week форумы 14-16 қазан аралығында өтетінін хабарлаған едік.