Астана медициналық университетіне айыппұл салынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана медициналық университетіне 1,2 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астана медициналық университетіне айыппұл салынды

«Астана» медициналық университеті» АҚ ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексінің 462-бабы 3-бөлігінде көрсетілген әкімшілік құқықбұзушылықтарға жол бергені үшін қызметін тоқтатпастан, мемлекет кірісіне 1 202 500 (бір миллион екі жүз екі мың бес жүз) теңге болатын 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әкімшілік айыппұл тағайындалсын», - делінген Астана ауданаралық арнайы мамандандырылған сотының қаулысында.

Сондай-ақ, құжатта жүргізілген тексеру нәтижесінде университеттің білім беру саласындағы заңнама талаптарын бұзуды жою бойынша ұйғарымды дұрыс орындамағаны айтылған.

«ҚР Үкіметінің 2012 жылдың 19 қаңтарында №109 қаулысымен бекітілген білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларының талаптары бұзылған. Осылайша, ҚР Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiнiң 409-бабы 7-бөлiгiнде көрсетілген құқықбұзушылық, яғни әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiнгі бiр жыл iшiнде қайталанған iс-әрекет жасалған», - деп атап өтті сот.

Сот отырысында уәкілетті орган өкілдері әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада келтірілген дәлелдерді толығымен қолдады және ұйғарымның толық көлемде орындалғанын, «Астана» медициналық университеті» АҚ қатысты еш наразылықтары жоқтығын жеткізді.