Астана медресесінде ұстаздар эксперименттік оқу жұмыс жоспарындағы пәндерді талқылайды

АСТАНА. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - 24-28 қаңтар күндері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы діни оқу-ағарту бөлімінің ұйымдастыруымен елордадағы Астана медресесінде бес күндік семинар өткізу жоспарланып отыр.

Астана медресесінде ұстаздар эксперименттік оқу жұмыс жоспарындағы пәндерді талқылайды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған шараға Діни басқарманың бөлім меңгерушілері мен Тәуелсіздігімізден кейін еліміздің түрлі аймақтарда ашылған тоғыз медресенің басшылары, әдіскерлері мен ұстаздары қатысады деп күтілуде. Атап айтсақ олар - Астана, Әбу Ханифа, Шамалған, Шымкент, Сарыағаш,  Ақтөбе, Әбу Бәкір Сыддық және Орал медреселерімен қоса Қауамиддин әл-Итқани әл-Фараби әл-Түркістани атындағы қарилар орталығы.

Семинардың негізгі мақсаты - медрселерге арналған үш жылдық эксперименттік оқу жұмыс жоспарындағы пәндер мен оларға бөлінген сағат сандарын талқылап, Білім және ғылым министрілігіне ұсыну. Осымен қатар семинарда - араб тілінің синтаксисі мен морфологиясы, ақида, фиқһ пәндерінің ұстаздары осы салалар бойынша біліктіліктерін жетілдіреді. «Бұған дәріс оқу үшін, еліміздегі өздерін әбден шыңдаған, білімді мамандар тартылған. Бұрын тәжірибе алмасу мақсатында семинарлар өткізіліп келсе де, биыл медресе ұстаздарының біліктіліктерін жетілдіру мәселесі алғашқы рет қолға алынып отырғандығын еске сала кетейік»,-делінген аталған мәліметтерде.