Астана мектебінде тағы да кептеліс болды
Елордада №22 орта мектептің дәлізінде оқушылар кептелісі болды, балалар зардап шекпеген деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Білім басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Ауысым кезінде мектептің күзетшісі оқушылар үшін арнайы ұйымдастырылған қосымша шығу есігін уақытылы ашпаған. Алайда, балалар кідірісі 5 минут ішінде тоқтады. Балалар мектептен ұйымдасқан түрде шықты және бірде-бір бала зардап шеккен жоқ. Күзетшіге ескерту жасалды», - делінген ресми хабарламада.
Ақпаратта айтылғандай, балалардың қауіпсіздігі үнемі бақылауда.
«Қала әкімдігі оқушы орындарын құру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Биыл елордада 11 мектеп ашылады. Оның 4-уі жаңа оқу жылының басында ашылып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асырылуда. Аталған жоба аясында 2024-2025 жылдары 90 мың оқушыға арналған 24 мектеп салынады. Оның ішінде №22 орта мектеп орналасқан Алматы ауданында 6 «Жайлы мектеп» салынады», - дейді ведомстводан.
Білім басқармасынан мәлім етілгендей, елордадағы үш ауысымды және оқушылар шамадан тыс толған мектептердің проблемасы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында түпкілікті шешілмек.
Айта кетейік, болған жайттың видеосы әлеуметтік желіде тарады.
Еске сала кетсек, қыркүйектің басында Астанадағы «№71мектепте балалардың кептеліп қалуы туралы жазған едік.