Астана мектептерінің бірінде оқитын баланың тағдыры арқау болған кітап жарық көрді

Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы ұйымдастырған бұл шараға белгілі ақын-жазушылар мен №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінің оқушылары қатысты.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бағдарламасы бойынша «Балалар әдебиеті» баспасынан жарық көрген аталмыш жинаққа жазушының «Тұнжыр» хикаяты мен әңгімелері, ертегілері, мысалдары топтастырылған.
Кітап авторының айтуынша, «Тұнжыр» повесі Астана қаласының бір мектебінде оқитын Айбол есімді баланың тағдыры туралы баяндайды.
«Қазір ХХІ ғасыр - ғылымның дамыған, электрониканың өрістеген, жаһандану жайлаған заман дейміз. Алайда неге адамзат баласы бауырмалдықты, жанашырлықты ұмытуы керек? Неге бізде қарттар үйі көбейіп жатыр? Неге жетімдер үйі толып кетті? Бұл тек қазақтың басында тұрған мәселе емес, бұл жаһанданудың күллі әлемге алып келген қасіреті. Міне, осы мәселені көтеруге тырыстым», - дейді Т. Әбдірайым.
Повесте әке-шешесі ажырасып, өгей шешенің қорлығын көрген, басынан небір қиын-қыстау кездер өткен жеткіншектің өмірі суреттеледі.
«Осы баланың тағдыры арқылы оқырман қауымға ой салғым келді», - дейді автор.
Т. Әбдірайым 7 прозалық жинақтың авторы. Соның бесеуі балалар мен жасөспірімдерге арналған.