Астана мен Алматы көшелерінде ең жиі кездесетін ТОП-10 көлік аталды

АСТАНА. KAZINFORM – Sergek ITS мамандары Қазақстанның екі ірі қаласы — Астана мен Алматыдағы көлік қозғалысын саралап, ең жиі тіркелген көлік маркалары мен модельдерін анықтады.

Автомобиль
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Бірнеше уақыт кезеңіндегі деректерді салыстыру арқылы сарапшылар жолдарда жиі кездесетін көліктердің ТОП-10 тізімін жасады. Бұл есепте белгілі бір маркадағы көліктің нақты жол учаскесінен қанша рет өткендігі ескерілді. Айта кету керек, бұл — бірегей көліктер саны емес, бір көлік бірнеше рет өтуі мүмкін.

Астана

Зерттеу 2025 жылдың 12–20 қаңтар аралығында Тұран даңғылының Орталық саябақ маңындағы бөлігі мен Тұлпар көпірінен Қорғалжын тас жолына түсетін тұста жүргізілді.

Sergek Group
Инфографика: Sergek Group

Осы уақыт аралығында елордада ең жиі тіркелген көлік — Toyota Camry, шамамен 71 мың рет өткен. Екінші орында Chevrolet Cobalt — 36,6 мың рет, ал үшінші орында — Hyundai Tucson (31,5 мың). Сондай-ақ танымал модельдер қатарында Hyundai Elantra (24,3 мың), Hyundai Accent (22,5 мың), Toyota Land Cruiser Prado (22 мың) және қытайлық автоөндірушілердің көліктері (19 мың) жиі кездескен.

Алматы

Зерттеу 2025 жылдың 17 ақпанынан 7 сәуіріне дейін Әл-Фараби даңғылының шығыс бағытында — Esentai Mall сауда орталығының қарсы бетінде және одан шығысқа қарай жүргізілді.

Sergek Group Алматыдағы көліктер
Инфографика: Sergek Group

Алматыда да көш басында — Toyota Camry (67,3 мың рет). Одан кейін Chevrolet Cobalt (63 мың). Үздік үштікті Hyundai Tucson (38,1 мың) түйіндеді. Төртінші және бесінші орындарда Hyundai Elantra (30,8 мың) мен Hyundai Accent (шамамен 29 мың) тұр. Алтыншы орында — Kia Rio (22 мың рет).

Айта кетейік, бұл мәліметтер Sergek ITS — интеллектуалды көлік жүйесінің көмегімен алынды. Жүйе жол қозғалысын бақылау, талдау және болжау арқылы ақылды қалалар үшін тиімді шешімдер ұсынады.

Бұған дейін Алматыда «Сергектің» жаңа қызметі мыңнан астам заң бұзушылықты анықтағанын жаздық.

Соңғы жаңалықтар