Астана мен Алматыдан Гоаға тікелей рейс ашылуы мүмкін
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда халықаралық «Туризм және саяхат» көрмесі (KITF 2026) өтіп жатыр.
Биыл көрмеге 24 елден 414 компания қатысып отыр. Олардың қатарында Әзербайжан, Вьетнам, Грузия, Мысыр, Үндістан, Италия, Қытай, БАӘ, Түркия, Оңтүстік Корея және Жапония бар.

KITF көрмесінде Гоа туризм департаменті ауқымды павильон ұйымдастырды. Алматыға арнайы келген Үндістанның Гоа штатының туризм министрі Рохан Кхаун халықаралық серіктестікті кеңейтуге, соның ішінде Қазақстанмен ынтымақтастыққа назар аударылғанын атап өтті. Оның айтуынша, қазір осы аймаққа Қазақстаннан тікелей әуе рейстерін ашу үшін келіссөздер жүргізіліп жатыр.

– Біздің мақсатымыз – Қазақстаннан келген туристерге штат ұсынатын барлық тәжірибені көрсету. Бүгінде қазақстандықтар Air Astana арқылы Мумбай мен Делиге ұшып келіп, одан әрі Гоаға барады. Біз Алматы мен Астанадан Гоаға FlyArystan және SCAT Airlines компанияларымен бірлесіп чартерлік рейстер ашу бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз, - деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Алматы мен Инчхон арасында жаңа рейс қатынайтынын жазғанбыз.