Астана мен Алматы ICCA рейтингінде ТОП-5 туристік қала қатарына енді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан ТМД елдері арасында іскерлік туризм көшбасшыларының бірі атанды. Екі бірдей халықаралық ұйымның өкілдері елімізге келіп, ішкі туризмнің жай-күйімен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Kazakh Tourism ұлттық компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астана мен Алматы ICCA рейтингінде ТОП-5 туристік қала қатарына енді
Фото: Kazakh Tourism ұлттық компаниясының баспасөз қызметі

Еуропа бойынша халықаралық конгрестер мен конференциялар қауымдастығының (ICCA) өңірлік менеджері Эфи Кудели және IMEX Frankfurt халықаралық көрмесінің өкілі Лиз Бранд бастаған халықаралық іс-шараларды ұйымдастырушылар мен БАҚ өкілдері Астана және Алматы қалаларына сапармен келді.

Делегация қазақстандық серіктестермен және туристік бизнес өкілдерімен ынтымақтастық және халықаралық іс-шараларды өткізу бойынша кездесу өткізді. Кездесуге қонақ үй өкілдері, іс-шаралар өткізетін алаңдарды басқарушы компаниялардың басшылары мен туроператорлар қатысты.


ICCA талаптарына сәйкес, рейтингіге ену үшін жылына кем дегенде 3 халықаралық деңгейдегі өткізу керек. Сонымен қатар, ұйымдастырылған іс-шараларға жоқ дегенде 50 халықаралық делегация қатысуы міндетті.

Аталған қауымдастықтың статистикасына сәйкес, 2013-2022 жылдар аралығында Қазақстанда тамыз-қазан айы аралығында 50-ден 500-ге дейін делегацияның қатысуымен іс-шара өтті.

«Еуропа бойынша өңірлік менеджер ретінде, бұл – менің алғашқы сапарым. Сапар барысында туристік қоғамдастық өкілдерімен танысып, Орталық Азияда халықаралық іс-шараларды өткізуде көшбасшы қалалардың бірі саналатын Астана мен Алматының іскерлік туристік инфрақұрылымымен танысқаныма қуаныштымын», - дейді Еуропа бойынша халықаралық конгрестер мен конференциялар қауымдастығының (ICCA) өңірлік менеджері Эфи Кудели.


ICCA-ның өткен жылғы елдер мен қалалар рейтингісінде Қазақстан Грузия мен Әзірбайжаннан кейін үшінші орында орналасқан. Ал, өткізілген халықаралық іс-шаралар саны бойынша өңірдің бес елі арасында үшінші орында тұр (Алматы – үшінші қала, Астана – бесінші).

2019 жылы MICE индустриясы елімізге 1 трлн АҚШ доллар инвестиция әкелді, 10 млн жұмыс орнын құрып, 1,5 млрд-қа жуық турист жинады. Бұл іскерлік туризм әдеттегі жеке туризмге қарағанда 3 есе көп пайда әкелетінін көрсетеді. MICE қолдау бағдарламасын тұрақты қаржыландыру жағдайында Қазақстанның өңірде іскерлік туризмді ілгерілетуде көшбасшы болуға барлық мүмкіндігі бар.


Айта кетейік, MICE индустриясы – әртүрлі корпоративтік және іскерлік іс-шараларды ұйымдастырумен және өткізумен байланысты іскерлік туризм индустриясының саласы.

ICCA (International Congress and Convention Association) – халықаралық конгресстер мен конференциялар қауымдастығы, бұл – халықаралық қауымдастықтардың кездесу индустриясы үшін жаһандық қауымдастық және білім орталығы.