Астана мен Алматы қалаларында бір жылдан бері жаңа құрылыстарға рұқсат беретін шешім қабылданған жоқ

АЛМАТЫ. Қаңтардың 29-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Астана мен Алматы қалаларында соңғы бір жылдан астам уақыттың ішінде жаңа құрылыстарға рұқсат беретін бірде-бір шешім қабылданған жоқ.
None
None
Оны Премьер-Министрдің орынбасары Өмірзақ Шөкеев бүгін Алматыда қала мен облыстағы құрылыс саласындағы мәселелерді талқылауға арналған мәжілісте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Өмірзақ Естайұлының айтуынша, мүлік нарығындағы бағаны тұрақтандыру үшін 2007 жылдың қыркүйек айында Астана мен Алматы қаласының әкімдеріне осындай нұсқау берілген. Соның нәтижесінде бір жылдан астам уақыттан бері бұл қалаларда бірде-бір жаңа құрылыс жүргізілген жоқ. Ал құрылыс компанияларына құрылысы аяқталмаған тұрғын-үйлерді салу үшін «Қазына» қоры арқылы екінші деңгейлі банктерден несие берілді. «Бұл бағдарламаға компаниялардың кейбірі қатысты, кейбірі бас тартты. Біз оларды мәжбүрлеген жоқпыз. Дегенмен, осы шара бойынша үлескерлер өткен жылдың күзінен бастап өз пәтерлерін ала бастады. Астана мен Алматыда қазір кезінде құрылысы аяқталмай қалған тұрғын үйлер бірінен кейін бірі пайдалануға беріліп жатыр. Сондай-ақ пәтер сатып алып оны жалға беру үшін қала әкімдіктеріне мемлекеттен арнайы қаражат бөлініп отыр. Бұл бағдарламада әр шаршы метрі мың доллардан аспайтын 6 мың пәтер қамтылмақ», дейді Премьер-Министрдің орынбасары Ө. Шөкеев. Оның сөзіне қарағанда, бұдан бөлек түрлі себептермен құрылыс компаниялары жұмысты аяқтай алмаған тұрғын үйлерді салу үшін жеке бағдарлама бойынша қала әкімдіктерінің жанынан жаңа кәсіпорындар құрылған. Сонымен қатар бұл үйлер салынып болған соң үлескерлерге пәтер таратудың арнайы тетіктері жасалып отыр.
Соңғы жаңалықтар