Астана мен Алматыда «Camerata tempo» камералық музыка I халықаралық фестивалі өтеді
АСТАНА. 19 қараша. ҚазАқпарат - Ертең, 20 қараша күні Астана қаласындағы К. Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының концерт залында ТМД және түркітілдес елдері композиторларының «Camerata tempo» камералық музыка халықаралық фестивалі шымылдығын ашады, деп хабарлады ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінен.
Жобаның авторы - ҚР халық әртісі, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Гауһар Мырзабекова. Шара шеңберінде «Қазақстан камеретасы» Мемлекеттік классикалық музыка ансамблі өзінің 15 жылдық мерейтойын атап өтеді.
Фестивальдің құрметті қонақтары арасында танымал музыканттар мен композиторлар бар. Олар: Гия Канчели, Олег Крыса, «Musica Viva» Мәскеу камералық оркестрі, Нұржамал Үсенбаева, Медет Шотабаев, Әмір Тебенихин, Александр Винницкий, Әділ Бестібаев, Толиб Шахиди, Мұрат Бегалиев, Петр Грибанов, Әлішер Латиф-Заде.
«Camerata tempo» камералық музыка фестивалі оңтүстік елорда сахналарында да жалғасын табады. 24, 25, 28 қараша күндері Алматы қаласы Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік филармониясының концерт залында фестивальдің концерттік бағдарламалары көрсетіледі және шақырылған қонақтардың баспасөз конференциясы өтеді. 8 желтоқсан күні Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында ТМД және түркітілдес елдері композиторларының «Camerata tempo» камералық музыка халықаралық фестивалінің Гала-концерті өтеді.
Фестивальға қатысушы елдер: Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан, Тәжікстан, АҚШ, Бельгия, Грузия, Түркия, Ұлыбритания, Франция.