Астана мен Алматыда ғылыми-инновациялық клиника пайдалануға беріледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2023 жылдың басында Астана мен Алматыда ғылыми-инновациялық көпбейінді клиника пайдалануға беріледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астана мен Алматыда ғылыми-инновациялық клиника пайдалануға беріледі

«Астана және Алматы қалаларында екі ғылыми-инновациялық көпбейінді клиника салынуда. Келесі жылдың басында пайдалануға беріледі», - деді Ажар Ғиният «Дені сау ұлт» ұлттық жобасының бірінші жартыжылдықтағы нәтижелері жайында баяндай келе.

Оның атап өтуінше, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған «Пациентке бағдарланған тәсіл» медициналық-санитариялық алғашқы көмектің озық практикаларының жобалары енгізілуде.

«Биылғы жылы Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында озық практикалар көрсету бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірінің 53 мүше-мемлекеті үшін медициналық-санитариялық алғашқы көмек бойынша әлемдегі бірінші демонстрациялық алаң ашылды. Біздің тәжірибеміз басқа елдерге үлгі болуда. Республика бойынша «Алтын сағат» принципін шұғыл пациенттерге қамтамасыз ету үшін көпбейінді аудандық орталық ауруханалард деңгейінде 12 аурухана жұмыс істейді. Осы жарты жылдың ішінде Жамбыл облысының Шу қаласында бір ауданаралық аурухана ұйымдастырылды. Бұл жұмыс ары қарай жалғасуда», - деді министр.



Фото: t.me/KZgovernment