Астана мен Алматыда медицина саласындағы білім мен дағдыны бағалау орталықтары құрылады
АСТАНА. 13 сәуір. ҚазАқпарат - Биыл Астана мен Алматы қалаларында медицина саласындағы білім мен дағдыны бағалау орталықтары құрылатын болады.
Бүгін ҚР Сенат депутаттарының қатысуымен өткен денсаулық сақтау саласына технологияларды беру жөніндегі жобаларды іске асыру мәселелеріне арналған жиын барысында Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова осылай мәлім етті.
Министрдің айтуынша, денсаулық сақтау саласын дамытудағы басты бағыттардың бірі - денсаулық сақтау саласының ақпараттық жүйесін дамыту болып табылады. Бұл ретте «электрондық денсаулық сақтау» саласындағы жұмыс негізгі екі бағытпен жүргізілуде. «Бірінші - ақпараттық-техникалық инфрақұрылымды қалыптастыру. Бұл үш облыс пен Астана қаласында жүзеге асады. Екіншісі - еліміздің барлық өңірлерінде жаңа заманауи порталдық шешімдер енгізу», - дейді ведомство басшысы.
Оның айтуынша, порталдық шешімдер жүйесін енгізу күрделі мәселе әрі денсаулық сақтау жүйесінің барлық деңгейінде қолданылатын болады. Дегенмен, бұл бағытта ресурс үнемдеушілік айтарлықтай болжанады.
«Біз осындай үнемделген қаражаттарды елдің барлық өңірлері бойынша ІТ жабдықтар сатып алуға, ақпараттық инфрақұрылымдар иемденуге жұмсауды көздеп отырмыз», - дейді С.Қайырбекова.