Астана мен Алматыдағы ХҚКО-лар жұмыс істеуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана мен Алматыдағы Халыққа қызмет көрсету орталықтары бүгін таңғы 8-ден 15.00-ге дейін жұмыс жасайды. Бұл туралы Азаматтар үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады. Қазақстандықтар тұрғылықты мекенжайлары бойынша тіркелуде.

Астана мен Алматыдағы ХҚКО-лар жұмыс істеуде

Бұрын хабарланғандай, 2017 жылдың 7-13 қаңтар аралығында  тұрғылықты мекенжайлары бойынша тіркелген қазақстандықтар саны 157 778 адамға жетті.

Еске сала кетейік, 2016 жылдыңң 22 желтоқсан күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Заңға сәйкес, азаматтардың тұрғылықты мекенжайлары бойынша міндетті тіркелуі енгізілді. Сондай-ақ, жалға алушылар да, жалға берушілер де рұқсатнама құжаттарының болмағандығына байланысты айыппұл төлейді.

Тұрақты және уақытша тіркеу үшін үй иесінің келісімі (жеке куәлігімен бірге өзінің қатысуы) немесе үй иесінің сенімді тұлғасы, тіркелетін адамның жеке куәлігі мен тұрғылықты мекенжайы бойынша міндетті тіркелу үшін 226,9 теңге көлемінде мемлекеттік баж салығын төлеу туралы түбіртек болуы міндетті.