Астана мен Бейжің АӨСШК үдерісінің даму келешегін талқылады
Сұхбат барысында Қ.Әбдірахманов Қытай Халық Республикасының АӨСШК Төрағасы қызметіндегі (2014-2018 жылдар) жұмысын жоғары бағалады.
Тараптар Форумдағы Төрағалықты ҚХР-дан Тәжікстанға беру, Кеңестің Бесінші Саммитін өткізу мәселелерін, сондай-ақ АӨСШК үдерісін одан әрі дамыту келешектерін талқылады.
Сыртқы саяси ведомствоның басшысы Кеңестегі ынтымақтастықтың барлық бес өлшемі бойынша - әскери-саяси, экономикалық, адами, экологиялық өлшемдер және жаңа сын-тегеуріндер мен қатерлер саласында іс жүзіндегі ықпалдастықты үдету маңыздылығын атап өтті.
«АӨСШК 4-ші Шанхай Саммитінде айтылған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Кеңес негізінде Азиядағы қауіпсіздік және даму ұйымын (АҚДҰ) құру бастамасын, соның ішінде «екінші трек» шеңберінде жұмыс атқару арқылы халықаралық ғылыми және академиялық топтарды тарта отырып, іске асыру өзекті болып қалып отыр.», - деп қосты Министр.
Тараптар АӨСШК шеңберіндегі өзара ықпалдастықтың тиімділігі мен нәтижелілігін арттыру, сондай-ақ Форум құрамының географиясын кеңейту бойынша жұмыстарды жалғастыру, сыртқы байланыстарды ұлғайту, өңірлік және халықаралық істерге кеңінен қатысу қажеттігі туралы бір пікірге келісті.
АӨСШК шақыру туралы тұңғыш бастаманы Қазақстан Президенті Н.Назарбаев 1992 жылғы 5 қазанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясы барысында көтерген болатын. Бұл бастаманың негізгі мақсаты - Азиядағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тиімді құрылым құру еді.
Бүгінгі таңда Кеңеске 26 мемлекет мүше. Оның жұмысына 9 мемлекет пен 5 халықаралық ұйым байқаушы ретінде қатысады. АӨСШК Хатшылығы Астана қаласында орналасқан.
Сол күні Қ. Әбдірахманов Австрия Елшілігі Сауда бөлімінің экономика мәселелері бойынша Кеңесшісі - "Advantage Austria" австриялық халықаралық сауда агенттігі құрған, алғаш рет Алматыда ашылған офистің басшысы Михаэл Мюллерді қабылдады. Кездесу барысында Сауда бөлімінің Қазақстан-Австрия байланыстарын тереңдету ісіне қосқан үлесі атап өтілді. Сауда бөлімінің қолдауымен Астанада 27-28 маусымда Қазақстан-Австрия аймақтар форумы өтіп жатыр.