Астана мен Бейжің арасындағы телекөпір: биыл Астанада өтетін ШЫҰ саммиті қарсаңында

Silk Way teleconference
Фото: Видеодан алынған кадр

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Астанадағы Silk Way телеарнасы мен Бейжіңде Қытайдың жаһандық телевидение желісін (CGTN) байланыстыратын телекөпір өтті. Ол 3 және 4 шілдеде Астанада жоспарланған 2024 жылғы Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммитіне арналды.

«Көпжақты диалогты нығайту, тұрақты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» тақырыбымен өтетін биылғы саммитте экономикалық ынтымақтастық, аймақтық қауіпсіздік және цифрлық трансформация сияқты негізгі мәселелерді шешу жоспарлануда.

Silk Way телеарнасының жүргізушілері Айнұр Иманғали мен Дәурен Исағұлов CGTN телеарнасының жүргізушісі Ян Ченсимен кездесіп, ШЫҰ-ның соңғы онжылдықтарда аймақтық қауіпсіздікке қаншалықты елеулі үлес қосқанын талқылады. Ұйымның назары цифрлық экономика, қаржы, еркін сауда, көлік және энергетика сияқты салаларға кеңейді.

Қытай Қоғамдық ғылымдар академиясының Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азияны зерттеу институтының ғылыми қызметкері, доктор Сюй Вэньхун ШЫҰ аясындағы қауіпсіздік және даму тақырыптары туралы телекөпірге қосылды.

Silk Way teleconference
Фото: Видеодан алынған кадр

«1996 жылы Шанхай бестігі ретінде құрылған ұйым әрқашан осы тақырыптарға басымдық беріп келеді», — деді доктор Сюй.

ШЫҰ-ның тоғыз толыққанды мүшеге, үш бақылаушы мемлекетке және 14 диалогтық серіктеске дейін кеңеюіне қарамастан, қауіпсіздік пен даму оның күн тәртібіндегі басты мәселе болып қала береді.

Доктор Сюй есірткі қылмысы, трансұлттық ұйымдасқан қылмыс және ақпараттық қауіпсіздік сияқты қауіптермен күресумен қатар лаңкестікке қарсы күрестің басты басымдық екенін атап өтті.

Silk Way teleconference
Фото: Видеодан алынған кадр

Телекөпірдің тағы бір қонағы, Дүниежүзілік экономика және саясат институтының қытайтану және азиятану бағдарламасының директоры Ерсұлтан Жансейітов таяуда өткен ШЫҰ Сыртқы істер министрлері кездесуінің маңыздылығын айтып, Астанадағы студияда жүргізушілерге қосылды.

Оның сөзінше, 22-ден астам құжатқа қол қойылған бұл кездесу алдағы саммитке маңызды дайындық болды. Ол көлік, энергетика және цифрлық трансформация мәселелеріне басымдық берген Қазақстан басшылығымен жемісті жыл болғанын атап өтті.

Сондай-ақ Қазақстанның ШЫҰ құрылымын пайдалана отырып, аймақтық экономикалық ынтымақтастықтағы рөлі ерекше екенін жеткізді. Жансейітов Қазақстанның Еуразиядағы стратегиялық орналасуы оны көлік байланыстары мен энергетикалық ынтымақтастық саласындағы негізгі ойыншыға айналдыратынын атап өтті.

Спикер Қазақстан ШЫҰ-ға мүше ел ретінде көліктік байланысқа басымдық беруі керектігін айтты. Қазақстан дүние жүзіндегі ең үлкен құрлықтың орталығында орналасқанын ескерсек, ол әрбір мемлекетпен өзара байланысты болуы керек.

Silk Way teleconference
Фото: Видеодан алынған кадр

Оның пайымынша, Қазақстан үшін екінші басымдық — энергетикалық ынтымақтастық. Қазақстан - энергетикалық ресурстарды, мұнайды, газды және уранды экспорттауда мықты ел.

«Ал үшінші, әрине, маңызды тақырыптардың бірі — цифрлық трансформация. Бүгінде біз процестердің көпшілігі цифрлық жолмен өтіп жатқанын көріп отырмыз. Барлық кәсіпорындар тезірек және тиімдірек жұмыс істейді. Тағы бір тақырып цифрлық трансформацияға қатысты — киберқауіпсіздік мәселесі. Осының бәрін ескерсек, бұл, толық тізім емес, алайда негізінен Қазақстанның ШЫҰ-дағы мүдделерін қалыптастырады», — деді ол.

ШЫҰ-ға мүшелікке жаңа үміткерлер қандай ұсыныс білдіреді және бұл ұйымның болашағы үшін қандай рөл атқарады деген сұраққа жауап бере отырып, Жансейітов ШЫҰ-ның ықпалы артып келе жатқанын және жаңа мүшелер қатарына Беларусь, Сауд Арабиясы, Түркия, сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктері кіретінін атап өтті.

Жансейітов ШЫҰ аясындағы экономикалардың өзара байланысы маңызды фактор екенін де еске салды. Қытай ірі экономика ретінде энергетикалық қауіпсіздікке мүдделі және Энергетикалық хаб сияқты бастамалар барлық мүшелер үшін, әсіресе Қазақстан үшін тиімді деп саналады. Түркия сияқты елдердің ШЫҰ-ға кіруге мүдделі болуы ұйымның ықпалының артып келе жатқанын одан әрі көрсетеді.

ШЫҰ-ның жаңа мүшелерін бағалау критерийлері туралы айта келе, спикер олар елдердің бір-біріне дұшпандық танытпауы керектігі туралы ережені қамтитынын баса жеткізді. Олар, сондай-ақ терроризм, сепаратизм және экстремизмге қарсы күрес сияқты ортақ құндылықтарды қолдап, дамуға басымдық беруі керек. Бұл олардың ұлттық бағдарламаларын осы қағидаттарға сәйкестендіруді және халықаралық деңгейде көрсетуді қамтиды.

Доктор Сюй Вэньхун өз кезегінде телекөпір жүргізушілеріне 2012 жылдан бері Қытай «Бір белдеу, бір жол» бастамасын ұсынғанын, ал Қазақстан мен Орталық Азия «Бір белдеу, бір жол» бастамасының негізгі өңірлері екенін еске салды.

«Осылайша, Қазақстан мен Орталық Азия мемлекеттері табысты дамымайынша, „Бір белдеу, бір жол“ бастамасының табысы болмайды. Қытай, сонымен бірге адамзаттың болашағы - ортақ қауымдастық құруды ұсынып,оның әлемге үлгісін көрсеткісі келеді. Неліктен Қытай Орталық Азия мен Қазақстанға, әсіресе Қазақстанға көп көңіл бөліп отыр? Өйткені, Қытай мен Қазақстан арасындағы өзара іс-қимыл белсенді», — деді ол.

Ссондай-ақ спикер телекөпірге қатысушылардың назарын өзара құрмет, тиімділік, теңдік, кеңесу, өркениеттердің алуан түрлілігін құрметтеу, ортақ дамуға ұмтылуды білдіретін ерекше «Шанхай рухына» аударды. ШЫҰ - халықаралық аренадағы маңызды ойыншы.

Телекөпірді жалғастырған Ерсұлтан Жансейітов «Біздің аймақтарда жақында Мәскеуде болған оқиғаға ұқсас лаңкестік сияқты қауіптер әлі де бар екенін» еске салды. Бұл үлкен қауіптің бар екенін дәлелдейді. Бұл мәселені шешудің бір жолы — ШЫҰ елдері аясында ақпарат алмасу және киберқауіпсіздікті күшейту екенін айтты.

Жансейітовтың сөзінше, ШЫҰ ұйымның ішінде әрбір адам өзін қауіпсіз сезінуі үшін ШЫҰ шеңберінде ережелер мен қағидаларды әзірлеуі керек.

Телекөпірді қорытындылаған жүргізушілер ШЫҰ-ның бүгіні мен болашағына қатысты бірқатар тақырыптар бойынша өз ойларын ортаға салып, құнды пікірлерін білдірген қонақтарға алғыстарын білдірді.

Соңғы жаңалықтар
telegram