Астана мен Қызылорда қалаларының қала құрылысы кадастры өзге өңірлерге үлгі болмақ
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін Қызылорда облысына ҚР Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев жұмыс сапарымен келді. Түс ауа министрдің қатысуымен ҚР Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының бірыңғай жүйесін қалыптастыру мәселесі бойынша селекторлық кеңес өтті.
Мәжілісте облыс әкімі Қырымбек Көшербаев облыстағы қала құрылысы кадастрын құру мен жүргізу бойынша оң нәтижелер мен жетістіктерге тоқталды.
Қызылорда қаласы мен барлық 7 аудан орталығының, 3 ірі елді мекендердің бас жоспарлары және 144 ауылдық елді мекендердің даму сызбалары әзірленіп, заңнама талаптарына сәйкес қолданысқа енгізілген.
Облыс елді мекендерінің аталған қала құрылыстық құжаттарын әзірлеуге облыстық бюджеттен 434,1 млн. теңге бөлінді.
Бұл өз кезегінде облыс елді мекендерінің 20-25 жылға дейінгі даму стратегиясын айқындауға мүмкіндік беруде. Аймақта жобаланған барлық құрылыс нысандары елді мекендердің бас жоспарларына сәйкес, қала құрылыстық регламенттермен қатар басқа да шектеулерді сақтай отырып салынуда.
2012-2013 жылдары облыс және аудан орталықтарында бекітілген бас жоспарларға сәйкес 2487 га аумақтың түбегейлі жоспарлау жобалары әзірленді, оның ішінде Қызылорда қаласы бойынша -1309 га.
Мәжілісте ҚР Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев қала құрылысы кадастрын барлық деңгейде жүргізу мәселесінің өзектілігіне тоқталды.
«ҚазҚСҒЗИ» АҚ Астана филиалының директоры Тұрлыбек Мұсабаев мемлекеттік қала құрылысы кадастрының бірыңғай жүйелерін қалыптастыру барысын таныстырды. Мұнан кейін сөз алған осы саладағы мемлекеттік құрылым өкілдері де мәселеге байланысты хабарламалар жасады.
Кеңестің қорытындысы бойынша ҚР Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының бірыңғай жүйелерін қалыптастыру барысында Қызылорда қаласы мен Астана қалаларының табысты тәжірибесін негізге алу ұсынылды.
Сонымен бірге ҚР Ұлттық геоақпараттық жүйесінде мемлекеттік Жер және Қала құрылысы кадастрларының өзара байланысының мүмкіндігін қарастыру шешілді.