Астана мен Новосібір бокс құрамаларының кездесулері тең аяқталды
АСТАНА. 23 тамыз. ҚазАқпарат - Елордада Спорт күніне орайластырылған бокстан Астана мен Новосібір (Ресей) құрама командаларының арасында жолдастық жекпе-жектер болып өтті, деп хабарлады қалалық Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап astana.kz.
«Толқын» СК залында өткен жарыста 1999-2000 жж., 2001-2002 жж. және 2003-2004 жж. туған былғары қолғап шеберлері бақ сынасты.
Дода 12 салмақ санаты бойынша ұйымдастырылды. Бұл кездесулерде достық жеңді. Қазақстандықтар алты салмақ санатында жеңіс тойын тойлады: Әли Мақсұтов - 28 кг, Никита Захаров - 30 кг, Ислам Қабденов - 32 кг, Диас Елтай - 48 кг, Елхан Тұрсынбеков - 50 кг, Әлішер Сатыбалды - 79 кг.
Қалған жекпе-жектерде Новосібір боксшылары басым түсті: Никита Барило - 28 кг, Анатолий Фитодкин - 38 кг, Мадияр Асамбаев - 46 кг, Данил Артомонов - 58 кг, Аманат Сүлейменов - 46 кг, Илья Минин - 48 кг. Барлық спортшыларға естелік сыйлықтар мен тартулар таратылып, жеңімпаздарға дипломдар мен медальдар табысталды.
Жарысқа қатысушылар бұған дейін шаршы алаңда талай жұдырықтасқандарын айтып, алдағы уақытта да осындай турнирлерге қатысуға ниеттерін білдірді.