Астана мен Пномпень «бауырлас қалалар» атанды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Камбоджа цифрлық үкімет, сауда, мәдениет және туризм салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтеді. Екі елдің астаналары — Астана мен Пномпень арасында бауырластық байланыс орнату туралы меморандумға қол қойылды.

Астана мен Пномпень «бауырлас қалалар» атанды
Фото: Ақорда

Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Камбоджа Премьер-министрі Хун Манеттің қатысуымен үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттар алмасу рәсімі өтті. Нәтижесінде екі ел арасындағы әріптестікті бірнеше бағытта дамытуға арналған 6 меморандум бекітілді.

Құжаттардың бірі цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты көздейді. ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Камбоджаның Пошта және телекоммуникациялар министрлігі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Сонымен бірге Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы мен Камбоджаның Ішкі істер министрлігі цифрлық үкімет, GovTech және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар салаларында бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.

Кездесуде сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға да басымдық берілді. Осы мақсатта Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі мен Камбоджаның Сауда министрлігі арасында өзара түсіністік туралы меморандум жасалды.

Мәдениет пен өнер саласындағы ынтымақтастықты Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Камбоджаның Мәдениет және көркем өнер министрлігі бірлесіп дамытуды көздейді. Ал туризм бағытындағы әріптестік екі елдің тиісті министрліктері арасында жасалған меморандуммен бекітілді.

Рәсімдегі маңызды құжаттардың бірі — Астана мен Пномпень қалалары арасында бауырластық байланыс орнату туралы меморандум. Бұл келісім екі елдің астаналары арасындағы тікелей ынтымақтастықты дамытуға негіз қалайды.

Айта кетейік, бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Камбоджа Корольдігінің Премьер-министрі Хун Манетті қарсы алды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Камбоджаны Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы сенімді серіктесі деп атады.

Қос мемлекет энергетика және электронды үкімет саласында ынтымақтастықты кеңейтпек.