Астана мен Ташкент арасында шешімін таппаған бірде-бір мәселе жоқ – Мұрат Нұртілеу

АСТАНА. KAZINFORM – Астана мен Ташкент арасында шешімін таппаған бір де бір мәселе жоқ. Бұл туралы елордада Өзбекстан Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидовпен кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден кейінгі брифингте Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу айтты.

мұрат нұртілеу
Фото: t.me/aqorda_resmi

«Бүгін екі бауырлас ел – Қазақстан мен Өзбекстан қарым-қатынастары жылнамасындағы тағы да бір айтулы күн. Қазақ еліне алғашқы рет ресми сапармен келген қадірлі досым, Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов мырзамен тағы да кездесудің сәті туғанына дән ризамын. Осы тұста, біз ерекше мән беретін сапар аясында Астанаға ат басын тіреген өзбек делегациясына шынайы алғысымды білдіремін. Бүгін де Өзбекстан – Қазақстан үшін орны ерекше, сенімді одақтас әрі маңызды әріптес мемлекет. Ташкенттің өңірдегі және әлемдегі беделі мен рөлі жылдан-жылға артып келеді. Біз өзбек елінің көптеген салалардағы тың жетістіктерін шынайы ниетпен қабылдап, жоғары бағалаймыз», - деді Мұрат Нұртілеу.

Осы орайда ол екі елдің бекем достығының тағы бір жарқын көрінісі – жоғары деңгейде орнатылған сындарлы диалог екендігіне назар аудартты.

«Атап айтқанда, екі ел көшбасшылары - Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Шавкат Миромонович Мирзиёевтің арасындағы бауырлас әрі өзара қолдау рухындағы кең пейілді ықпалдастығы. 2022 жылы қол қойылған Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы одақтастық қатынастар және шекараны демаркациялау туралы тарихи шарттар қазақ-өзбек байланыстарының жаңа тұғырнамалық парағын ашты. Бұл екіжақты құжаттардың Орталық Азия аймағындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге және өңірді өркендетуге елеулі үлес қосатыны сөзсіз», - деді Сыртқы істер министрі.

Оның атап өтуінше, Қазақстан мен Өзбекстан Президенттері деңгейіндегі Жоғары мемлекетаралық кеңес құрылды. Белсенді парламентаралық байланыстар саяси диалогты нығайтуға ықпал етуде. Үкіметаралық деңгейдегі тұрақты байланыстар да ынтымақтастықтың үнемі дамуына қуатты серпін беріп отыр. Өңіраралық форумдар, сондай-ақ Іскерлік кеңестің қызметі экономикалық күн тәртібін ілгерілетуге зор үлес қоса келе жатыр.

«Нақтыласақ, екі елдің арасында бүгінге дейін шешімін таппаған бір де бір мәселе жоқ деп айтуға толық негіз бар», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар