Астана мен Түркістан облысының тұрғындары дәрігердің қателігі үшін өтемақы алды
АСТАНА. KAZINFORM – Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында дәрігердің кәсіби қателігінен зардап шеккен науқастарға өтемақы беру жүйесінің қалай жұмыс істеп жатқанын мәлім етті.

- Бұл заң 2024 жылдың сәуір айында іске қосылғаннан бері республика бойынша барлығы 15 іс қаралды. Соның екеуінде науқасқа өтемақы төленді. Екі жағдайдың бірі Астана қаласында, бірі Түркістан облысында қаралды, - деді министр.
Сондай-ақ, ол кейбір жеке меншік емханалар мен клиникаларда дәрігерлер әлі сақтандыру келісімшарттарын жасамағанын айтады.
- Негізі дәрігерлердің 90 пайыздан астамы сақтандыру келісімшарттарын жасап үлгерді. Барлық мемлекеттік мекемеде бұл көрсеткіш 100 пайызға жетті. Кейбір жеке меншік емханалармен, клиникалармен әлі жұмыс істеп жатырмыз. Ал сақтандыру сомасын дәл басып айту қиын. Өйткені тариф арқылы төленетіндіктен есептеу формулалары күрделі. Оны кейін қосымша айта аламыз, - деді Ақмарал Әлназарова.
Бұған дейін науқас дәрігердің қателігінен мүгедек болып қалса, 3,1 млн теңгеге дейін өтемақы алуға хақылы екенін жазған едік.