Астана мен Үрімші арасында жолаушылар пойызы қатынайтын болды
АСТАНА. 4 сәуір. ҚазАқпарат - Астана тұрғындары Үрімші қаласына қайтадан пойызбен қатынасатын мүмкіндік алды.
Биылғы жылдың 6 сәуірінен бастап халықаралық «Астана - Үрімші» темір жол қатынасы қалпына келтіріледі. Бұл туралы astana.kz сайты «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ Үрімші темір жол мекемесімен келісу арқылы «Алматы-2 - Астана-Үрімші» қатынасындағы №13-54/14-53 екі топтық халықаралық «Астана-Үрімші» қатынасындағы №54 жолаушылар пойызы қатынайды.
Компанияның мәліметінше, құрамның жолда жүру уақыты 39 сағат 12 минут болады. Пойыз Қарағанды, Ағадыр, Мойынты, Балқаш-2, Саяқ, Ақтоғай, Достық стансаларында аялдайды.
«Пойыз құрамында бес купелік вагон бар. №13/14 «Алматы-2 - Үрімші» пойызымен астаналық құрам сенбі күндері Ақтоғай стансасында бірігеді. Осы жерде біріктірілген 10 жолаушы вагонынан тұратын құрам Үрімшіге 8 сәуірде келіп жетеді. Үрімшіден 9 сәуірде шығып, Астанаға 10 сәуірде келеді», - делінген «Жолаушылар тасымалы» АҚ хабарламасында.