«Астана мерекесі Кедендік одақтың тұсауын кесті» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Шілденің 8-і. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда шілденің 8-і, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов жұмыс бабындағы сапармен Ақмола облысында болды. Үкімет басшысы мен оның жанындағы ресми адамдар өте тығыз кестедегі жұмыс барысында маңызды он нысанда болып, кеңейтілген төрт кеңес өткізді. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Он нысанның оң қадамы өңір өмірін әрлендіруге жол ашпақ» деген тақырыппен мақала басылды. "Үкімет басшысының өңірлерге жасаған әрбір сапары жұмыс істеп тұрған, құрылысы жүргізіліп және қайта жарақтандырылып жатқан кәсіпорындардың жұмысына серпін қосып, басшылар мен мамандардың, ұжым мүшелерінің өз міндетіне жаңаша екпін беріп, жауапкершілікті еселей түсетіні белгілі. Үкіметтің күнделікті назар салуы мен қолдауының арқасында Ақмола облысындағы көкейкесті мәселелер оң шешімін табуда», деп жазады басылым. Премьер-Министр Кәрім Мәсімов облыс әкімдігінде Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облысы өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізді. Үкімет басшысы өзінің қорытынды сөзінде Ақмола облысындағы игі қадамдарға қолдау көрсету қажеттігін атап көрсетіп, тұрғындардың қалыпты тіршілігін қамтамасыз етудегі Елбасы тапсырмасының мінсіз орындалуын талап еткен. Ал, солтүстік өңірді сұйық отынмен қамтамасыз етуге байланысты мәселе екі аптадан кейін Үкімет отырысында арнайы қаралмақ.

«Шілденің 6-сында Ослода (Норвегия) ашылған ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының жыл сайынғы 19-шы сессиясында Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалық етуіне жоғары баға берілді», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Ашылу салтанатында сөз алған ЕҚЫҰ ПА Төрағасы Жоао Соареш «Қазақстан өз төрағалығын ерекше қарқынмен жүргізіп келеді», деп атап өткен. Сессияға қатысушылар биылғы мамыр айында Алматыда болған Трансазиялық парламенттік форум қорытындыларын талқылады. Парламентшілер атап өткендей, Алматы кеңесінде айтылған ұсыныстар мен идеялар Норвегия астанасында өткен Ассамблея сессиясында қабылданатын жекелеген қарарлардың жобаларында көрініс табатын болады.

«Егемен Қазақстан» газетінің бейсенбілік нөмірінде әлем елдерінің басшылары, саясаткерлері және өнер қайраткерлерінің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы айтқан пікірлері топтастырылып берілген. Басылымнан АҚШ Президенті Барак Обаманың, Ресей Президенті Дмитрий Медведевтің, ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтаоның, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның, Түркия Президенті Абдулла Гүлдің пікірлерін оқи аласыздар.

***

«Алаш айнасы» газетінде «Астана мерекесі Кедендік одақтың тұсауын кесті» деген тақырыппен берілген мақалада ЕурАзЭҚ саммитінің аясында жеке бас қосқан Н.Назарбаев, Д.Медведев және А.Лукашенко ортақ кеден кеңістігін құрып қана қоймай, ықпалдастықтың келесі кезеңіне - біртұтас экономикалық кеңістік құру сатысына кіріскені туралы жазылған. Сонымен қатар Тәжікстан мен Қырғызстанның Кедендік одаққа кіру ниеті туралы және Ресей басшысының Елбасы Н.Назарбаевтың ортақ валюта идеясына үлкен қолдау білдіргені туралы баяндалған.

«Судан келетін сұм ажалдан қалай құтыламыз?». «Алаш айнасы» газетінің бейсенбілік нөмірінде осы тақырыппен берілген мақалада ел тұрғындардың суға батып, қаза болып жатқандар саны жылдан-жылға көбейіп бара жатқандығы айтылған. Сенімді дерек көздеріне қарағанда, Қазақстанның су қоймаларында бүгінде 215 адам қайтыс болса, соның 50 пайызынан көбі балалар. Осы мәселеге пікір білдірген Маңғыстау облыстық ТЖД судан құтқару қызметінің бастығы Биаман Түйебаев маманның жеткіліксіздігін, оның үстіне жалақының небары 20-25 мың теңге екенін және техникалық базаның тозғанын айтса, ал депутат Мұрат Әбенов «ірі қалалардағы суға түсетін демалыс орындарын мемлекеттің қарамағына алып, ондағы қауіпсіздік шараларын қатаң бақылау қажет» деген ой айтады.

Осы басылымның «Дат!» айдарында бойынша Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры, профессор Айман Мұсақожаевамен арадағы сұхбат «Бізге төл мәдениетімізді дамытатын ұлттық бағдарлама қажет» деген тақырыппен жарияланған. «Бізге Қазақ ұлттық симфониялық оркестрі керек-ақ. Себебі дамыған батыс елдерінің бәрінде бұндай оркестр бар. Англияда немесе Францияда, Лондондық немесе Париждік симфониялық оркестр деген бар. Олар осындай құндылықтары арқылы әлемге мәшһүр болып отырғанын ұмытпағанымыз жөн. Бізге ең алдымен төл, ұлттық мәдениетімізді дамытатын және талантты жастарды әлемдік деңгейге көтеруге бағытталған ұлттық бағдарлама керек», дейді ол «Алаш айнасы» газетіне берген сұхбатында.

***

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының атынан ерекше сыйлық алды», деп жазады «Айқын» газеті. Басылымның атап өтуінше, партия төрағасының бірінші орынбасары Н.Нығматулин Президентке - партия жетекшісіне үлкен альбом сыйға тартқан. Онда аталған партия ұйымдастырған бүкілхалықтық «Отандастар» акциясы барысында Қазақстан азаматтарынан келіп түскен құттықтаулар топтастырылған.

Осы басылымда АҚШ-тың Индиана университетінің профессоры Уильям Фиерманның қазақ тілі жайында пікірлері жарияланды. «1991 жылдан бастап Қазақстан егемендік алғаннан бері елдегі сауаттылық деңгейі өте жоғары болатын. яғни бұл көрсеткіш 95 пайыздан асатын. Бірақ бұл сауаттылықө мемлекеттік тілде емес еді. Ең қызығы, Қазақстандағыдай тілдік жағдай әлемде жоқ. былай қарасақ, мемлекеттік тіл - қазақ тілі. Мемлекеттің аты - Қазақстан. Азияның өзгеелдеріне қарағанда, сауаттылық та жоғары деңгейде, мемлекет те бай. Бірақ мұндағы тілдік жағдайды ешбір елмен салыстыруға болмас», депті профессор. Ғалымның пікірлерін толық оқығыңыз келсе басылымның бүгінгі санындағы «Қазақстандағы тілдік жағдайды ешбір елмен салыстыра алмайсың» деген мақалаға назар аударыңыздар.

***

«Астана ақшамы» газетінің бейсенбілік нөмірінде қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің «Ерке Есілдің бойына ел қондырған» деген тақырыппен мақаласы жарияланды. «Өзінің мүшел жасына қадам басқан Астананың қалай өркендеп, қалай даму керектігін жақсы білеміз. Мұны елорданы тұрғызушы, оның бас сәулеткері Нұрсұлтан Әбішұлы әрдайым есімізге салып отырады. Еліміз тәуелсіздік алып, Қазақстанның төрт бұрышындағы облыс атаулары арқылы елдің тұтас аумағын белгілеген кезден бастап Елбасымыздың күндіз ой-санасында, түнде түсінде көретін елордасын сол мақсат-міндеттерге сәйкес өркендете білсек, бұл олжадан келгеніміз. Қазіргі барлық қызметіміз сол мақсатқа бағындырылған. Елорда мен Елбасы егіз ұғымға айналғалы да талай уақыт болды. Бүгінде халқымыз елорданы Елбасының ерен ерлігі, елінің ертеңін ойлап жасаған ұлы шешімі деп біледі. Сол үшін де құрмет тұтады. Астана ауыстыру туралы шешім кезінде Елбасының туған күнінде қабылданған. Бұл - ұлы күн», деп жазады мақала авторы.

***

Мемлекет басшысының атына Елорда күніне және Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мерейжасына байланысты Қазақстан азаматтары мен ұйымдарынан көптеген құттықтау жеделхаттар мен хаттар келіп түсуде. Олардың бірпарасы «Казахстанская правда» газетінің бейсенбілік нөмірінде топтастырылып беріліп отыр. Мәселен, Қазақстанның халық әртісі Ораз Әбішев «Сіз біздің республикамыздың дамуына және өркендеуіне баға жеткізгісіз үлес қостыңыз. Сізді - Елбасы деп тану, сондай-ақ, сіздің атыңызбен халықаралық деңгейдегі жаңа университеттің аталуы - Сіздің қызметіңізге берілген лайықты баға», депті. Сондай-ақ Елбасы атына келіп түскен хаттар мен жеделхаттар «Егемен Қазақстан» газетінде де жарық көрді.

Соңғы жаңалықтар