Астана мейрамханаларында ит еті қолданылып жатқаны рас па
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада ит етінің қоғамдық тамақтану орындарында сатылып жатқаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұл туралы «Астана Ветсервис» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны мәлім етті.
Ведомствоның хабарлауынша, аталған қауесеттер 2023 жылы Ақмола облысында тіркелген оқиғалармен байланысты. Сол кезде жануар тектес өнімдердің заңсыз айналымы анықталып, құқық қорғау органдары тарапынан тиісті тексеру жүргізілген. Нәтижесінде кінәлі тұлғалар сот шешімімен жауапкершілікке тартылған.
— Қазіргі уақытта елорда аумағында мейрамханаларда, кафелер мен асханаларда ит етін жеткізу, сату немесе пайдалану фактілері ресми түрде тіркелмеген, — делінген хабарламада.
Сондай-ақ, ветеринариялық-санитариялық бақылау елордада тұрақты түрде жүргізілетіні атап өтілді.
Айта кетейік, Жетісу облысында ит асыраушыларға ғылыми қолдау көрсететін Ұлттық орталық ашылатыны белгілі болды.
Бұған дейін Өскемен қаласында бұралқы иттердің қаптап жүргенін, әсіресе Жібек-маталар комбинаты ықшамауданы мен Ахмер кентінің тұрғындары жиі айтып жүр. Ал жануарлар жанашырлары мұндай жағдайға кейде адамдардың өздері кінәлі екенін алға тартады.