«Астана Моторс» компаниясы Алматыда толық циклді мультибрендтік зауыт салып жатыр

Astana Motors Manufacturing Kazakhstan
Фото: «Астана Моторс»

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Astana Motors Manufacturing Kazakhstan мультибренд зауытының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. «Астана Моторс» компаниясы салып жатқан зауыттың толық модельдік желісі өндірісті пилоттық іске қосу алдында ұсынылады. Жетекші компанияның экспорттық жоспарлары туралы кәсіпкер Нұрлан Смағұлов айтып берді. 

Astana Motors Manufacturing Kazakhstan мультибренд зауытының құны – 182 млрд теңге. Оның 30%-ы – меншікті қаражат, 70%-ы – қарызға алынған қайтарымды қаражат, 15 жылға Өнеркәсіпті дамыту қоры қаржы лизингі және Қазақстан даму банкі кепілдігі қаражаты (жылдық 9% мөлшерлемесі бойынша) есебінен. 

Astana Motors Manufacturing Kazakhstan – бұл Қытайдың жетекші үш брендінің (Chery Tiggo 2, Haval Jolion, Tank 300) модельдері шығарылатын еліміздегі жалғыз зауыт. Ол сондай-ақ ТМД аумағында дәнекерлеу және құрастыру цехтары әртүрлі қабаттарда орналасқан жалғыз және ҚР аумағындағы шанақтарды автоматты түрде тарататын қоймасы бар алғашқы зауыт. Онда сонымен қатар құрғақ коагуляция әдісі (ауаны түрлі-түсті аэрозольден тазарту) пайдаланылатын болады. Бұл – автокөлік жасаудағы заманауи жасыл технология. Оның бүгінде кең таралған су технологиясынан айырмашылығы, су мен химиялық заттарды пайдаланбайды, камерадағы зиянды заттарды ұстауда 60% тиімдірек және электр энергиясын 35% аз пайдаланады. 

Кәсіпорынның өндірістік қуаты – жылына 90 мың автокөлік. Алайда қазақстандық автонарыққа өнімнің 40%-ы жөнелтіледі. Ал, 60%-ы ТМД елдеріне экспортқа жіберіледі. 

Astana Motors Manufacturing Kazakhstan мультибренд зауыты
Фото: «Астана Моторс»

«Астана Моторс» портфелінде ҚХР жеңіл автокөліктерінің брендтері 2021 жылдан бастап пайда болды. Нұрлан Смағұловтың пікірінше, бұл автокөліктер Қазақстанда өз орнын тауып, алдағы уақытта үлкен сұранысқа ие болады. Өйткені қытайлық көліктер біраз уақыт сынақтан өткен әрі оны шығарушылар өнімнің сапасына сенімді. 

Astana Motors Manufacturing Kazakhstan құрылысы қазақстандық өнеркәсіпті одан әрі дамытудағы маңызды қадам болмақ. Оның қалай жұмыс істейтінін «Астана Моторс» Astana Motors Manufacturing Kazakhstan жанында салынып жатқан автокомпоненттердің өндірістік кластері арқылы көрсетуге ниеттеніп жатыр. «Астана Моторс» СЕО Бекнұр Несіпбаевтың айтуынша, бүкіл әлемде автокөлік саласы офтейк-келісімшарттар есебінен жұмыс істейді және өндірушілердің ынтымақтастығының осындай схемасын Қазақстанда автокомпоненттер өндіру жөніндегі кәсіпорындарды ашу арқылы енгізу қажет.

Astana Motors Manufacturing Kazakhstan
Фото: «Астана Моторс»

«Біз автокомпоненттер, қосалқы бөлшектерді шығаруымыз қажет. Орындықтар, бамперлер, мультимедиялық жүйелер – бұл осы жолдың басы ғана. Біз үш жыл ішінде Қазақстанда шанақ, автошыны, кабель, лак-бояу өндірісі пайда болғанын қалаймыз. Бұл «мүмкін емес» деп қорықпауымыз керек. Меніңше, машиналарды құрастыру кезеңі аяқталды. Шынымды айтсам, ол жеткілікті түрде біраз уақытқа созылды. Біз автокөлік өндірушілеріне қойылатын талаптарды барған сайын күшейте түсуіміз керек. Біздің мүмкіндігіміз көршілес Өзбекстан мен Ресейден кем емес деп есептеймін», - деді Нұрлан Смагұлов.

Astana Motors Manufacturing Kazakhstan
Фото: «Астана Моторс»

«Астана Моторс» өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің курсын қолдайды, автокөлік компоненттерін өндіруді, өнеркәсіпті, машина жасауды және автокөлік жасауды дамытуға өз үлесін қосады. 

Зауытты салу қазақстандық инженерлер мен құрылысшылар арқылы жүзеге асырылады. Олардың үлесі 90%-ды құрайды. Тек 10%-ы автокөлік зауыттарын салуға маманданған инженер-кеңесшілерге тиесілі. 

Құрылыс кезінде пайдаланылатын материалдардың 50%-дан астамы – қазақстандық өнім, ал кейбір позициялар бойынша олардың үлесі (бетон, металпрокат, желдету коммуникациялары) 100%-ға жетті. 

Айта кетейік, жаңа зауытта пилоттық өндірісті бастау 2025 жылдың I тоқсанына жоспарланып отыр. 

Соңғы жаңалықтар