«Астана Моторс» мультибрендтік зауытында жабдықтарды монтаждау басталды
АСТАНА. KAZINFORM – Astana Motors Manufacturing Kazakhstan мультибрендтік автокөлік зауытына жоғары технологиялық жабдықтарды жеткізу саласындағы әлемдік көшбасшы Automotive Engineering Corporation (ҚХР) өкілдері келді.
Қытай компаниясының топ-менеджментінің сапары жабдықтардың алғашқы партиясының «Астаны Моторс» зауытына келіп түсуіне тура келді. Монтаждау жұмыстары Automotive Engineering Corporation (AE Corp.) инженерлерінің авторлық қадағалауымен жүргізіледі.
Жабдықтарды қабылдауға AE Corp. президенті Цзя Сидзюн, вице-президенті Чен Йон, екі вице-директор Ли Шоуси мен Ван Сяолей және Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауытының директоры Максим Тарасов қатысты. Техникалық жабдықтардың алғашқы партиясы алаңға 10 қыркүйекте жеткізілді.
«Біздің Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауытына жеткізетін жабдықтарымыз ең технологиялық және ең заманауи жабдықтар болып табылады. Олар зауытта шығарылатын брендтердің техникалық талаптарына ғана емес, сонымен қатар халықаралық стандарттарға да сәйкес келеді», – деді Цзя Сидзюн.

«Астана Моторс» мультибрендтік зауытында бүкіл жабдықтарды орнату кезеңінде және іске қосу-реттеу жұмыстары кезеңінде AE Corp. инженерлік-техникалық құрамынан 130 адам және Қазақстаннан шамамен 1 000 маман жұмылдырылады.
Алматы қаласының Индустриалдық паркіндегі Astana Motors Manufacturing Kazakhstan толық циклді мультибрендтік зауытының құрылысы 2022 жылы қараша айында басталды. Бұл жобаны іске асыру үшін «Астана Моторс» 182 млрд теңге инвестиция салады. Оның ішінде 30%-ы – меншікті қаражат, 70%-ы – «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ және «Қазақстан Даму Банкі» АҚ қолдауымен қаржы лизингі және кредиттеу құралдары арқылы жылдық 9% мөлшерлемесімен 15 жылға берілген қайтарылмалы қарыз қаражаты. Қазіргі таңда зауыттың ғимараты құрылыстың соңғы сатысында тұр (90% дайын).
Мультибрендтік зауыттың өндірістік қуаты жылына ұсақ торапты әдіспен шығарылатын 90 000 автокөлікті құрайды. Бұл ретте қазақстандық зауытта өндірілген машиналардың басым бөлігі экспортқа жіберілетін болады. Сонымен «Астана Моторс» шығарылған автокөліктерің жалпы көлемінің 40%-ын отандық нарыққа, 60%-ын ТМД елдеріне экспортқа шығаруды жоспарлап отыр.
Құрылыс жұмыстары аяқталатын жоспарлы күн – 2024 жылдың IV тоқсаны. 2025 жылдың I тоқсанында жабдықтарды орнату жұмыстары жалғасады, содан кейін іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізіліп, автокөліктердің пилоттық өндірісі іске қосылады.
Мультибрендтік зауыт салу – «Астаны Моторс» компаниясының нақты индустрия құру, автокөлік компоненттерін өндіру, өндірістің жергілікті жерде ұйымдастырылуын тереңдету секілді жаһандық мақсатындағы маңызды кезеңдердің бірі.