Astana Motorsports «Дакар» кезеңінде ТОП-15 қатарынан көрінді (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Дакар» ралли-марафонының жетінші кезеңі өтті. Қатысушылар Уюньнен Сальтаға дейін 793 шақырым жолды еңсерді. Astana Motorsports командасы кезеңді 15-ші орынмен аяқтады, турнирдің бас жіктелімінде бір сатыға жоғары көтерілді. Kazakhstan экипажы кезеңде 30-шы орыннан көрініп, жарыстың жалпы есебінде 25-ші орынды сақтап қалды. Бүгін спортшылар үшін көптен күткен демалыс күні, деп хабарлады Astana Motorsports баспасөз қызметі.
«Астана» президенттік кәсіби спорт клубының өкілі Артур Ардавичус жарыстың жетінші күнгі әсерлерімен бөлісті.
- Әр күн сайын қызықты жайттар болып тұрады. Бүгінгі күн біреулер үшін сәтті болды, ал біреулерге күрделі. Тау жолындағы иірімдер, қатты тас жолдар. Жаңбыр жауса-ақ болды, жер езіліп шыға келеді, оның үстіне көктайғақ. Енді түзеле бастағанда нөсер құйып кетеді. Ирек жолдың әрбір 50-70 метрі сайын бұрылыс, соның ішінде шұғыл бұрылыстар да аз емес. Осы учаскеде нөсерге тап болғандар біраз уақытын жоғалтады. Байқап жүрмесең, қауіпті. Кішкентай ғана қателессең, жырадан бір-ақ шығасың. Мартин Колома бүгін көш бастаған еді, басып озам дегенде, машина тасқа соғылып, аспасы быт-шыт болды. Екі сағат уақытын жоғалтты.
Көрермендер жиналған жерде жылдамдықты бәсеңдетуге тура келеді. Сағатына 140 шақырымдық жылдамдық, жүк машинасының салмағы 9 тонна - мұндай жағдайда машинаны басқару да оңай емес. «Дакар» жолында жүзге тарта көрерменді қағып кеткен жағдайлар болды, мен бұл статистиканы көбейткім келмейді. Міне, бүгін осындай оқиға болды, бір көрерменді шабандоз қағып кетіп, мерт болды. Бұл қайғылы оқиға!
Мұндай учаскелерде қысымды 4,5 атмосфераға дейін көтереміз, әйтпесе баллонға саз жабысып қалады. Бүгін «алыс» жолға шыққандар шапшаң жүрді. Төменнен қырқаға беттейміз, содан кейін басты бұрылыс, Бұл арада бұрылуға да мүмкіндік жоқ. Жолда бір Mini жантайып жатыр. Бұл бұрылысты ұйымдастырушылар картаға енгізбеген, онша қауіпті емес деген ойлаған, өйткені жол жиегіндегі жыраға түсіп кетем деп қауіптенбейсің. Осындай сәттер аз емес!», - деді Astana Motorsports команда көшбасшысы Артур Ардавичус.
- Одан әрі жолбағыт таудан төмен түседі, - дейді Артур. - Шабандоздар байқап сол қарқынмен заулатып келеді. Жарыстың жартысынан өттік, алда тағы осынша жол жатыр және ол учаскеде қауіпті және жолсыз жерлер бар.
«Бұл күрделі кезең болды. Тау жолындағы бұрылыстар көп, температура да әлденеше құбылады, күн шақырайып тұрады, енді бір мезгілде бұршақ пен қар жауады. Енді демалыстан кейін тағы да нағыз тактикалық және жоғары жылдамдықты күрес жолы басталады. Бүгінгі күнгі нәтижелер қатысушылардың топтасып келе жатқанын көрсетеді. Енді нәтижеге ұмтылуымыз керек», - деді Kazakhstan командасының шабандозы Андрей Чередников.
11 қаңтарда қатысушылар 393 шақырымдық арнайы учаскемен жүреді. Сальтадан Беленге (Аргентина) дейінгі сегізінші кезеңнің ұзындығы 766 шақырымды құрайды.