Astana Motorsports құрамындағы төрт квадроциклшы «Дакардан» үмітті
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана» Президенттік клубының құрамындағы Astana Motorsports қазақстандық ралли рейд командасының құрамын төрт отандық квадроциклшы толықтырды.
Жаңа топта ел намысын Тимур Байжиенов, Максим Антимиров, Азамат Тілеулесов және Кирилл Солоха қорғайтын болады. Барлығының халықаралық тәжірибесі бар және дайындықтары жақсы, деп хабарлайды елорда әкімдігінің сайты.
«Бұл біздің отбасымыздың жаңа мүшелері. Біз квадрациклдер класында күш сынап көрмекпіз. Жаңадан келген төрт адам жергілікті спортшылар. Біздің тәжірибелі пилотта Денис пен Артурдың жетекшілігімен квадрациклдер класында Қазақстанды халықаралық аренада үлкен жеңістер күтіп тұрғанына сенімдімін», - деп мәлім етті «Астана» президенттік клубының атқарушы директоры Аманбек Күлшіков.
Жаңа спортшылар үшін Dubai International Baja 2017 алғашқы сынақ болғалы тұр. Жарыс 8-11 наурыз күндері өтеді, ал сәуір айында квадроциклшылар жанкүйерлер үшін аса танымал және аса күрделі Әлем кубогының кезеңі Abu Dhabi Desert Challenge жарысына және Катардағы ралли рейдке аттанады.
Еске салсақ, «Астана» президенттік клубының құрамында Astana Pro Team кәсіби велокомандасы, «Астана» футбол клубы, «Барыс» хоккей клубы, «Астана» баскетбол клубы, Astana Motosports ралли-рейд командасы, Astana Arlans бокс клубы өнер көрсетеді.