Астана мүгедектер үшін қолайсыз қалалардың рейтингіне енді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарын мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімдеу бойынша тиісті жоспарды жүзеге асыра алмаған қалалардың қатарына енді.
Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2016 жылы бейімдеуге қажет нысандардың жалпы қатарынан 4 мың 640 нысанды мүгедектердің мұқтаждығына лайықтау жоспарланған болатын. Яғни, өңірлермен тиісті жоспарды құрдық. 2017 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 4 мың 537 нысан (97,8%) қажет дәрежеге келтірілген»,-деді С. Жақыпова.
Айта кетейік, мүгедектердің әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарына кедергісіз өтуін қамтамасыз ету аясында 2012 жылдан бастап жыл сайын оларды бейімдеудің өңірлік жоспарлары жасалуда. Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандар жиі баратын 36 мың 200 нысан бар. Жергілікті атқарушы органдар мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімділігі жөнінде 28 мың 205 нысанды төлқұжаттандырудан өткізуді көздеген еді. Өткен жылдың қорытындысында 27 мың 828 нысан (98,7%) төлқұжат алса, оның 17 мың 506 нысаны (62,9%) бейімделуге тиіс болды. Бұлардың 11 мың 212 нысаны (64%) қажет деңгейде икемделді. Мүгедектерге қолжетімділік қамтамасыз етілген әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарының үлесі төлқұжатқа ие болған жалпы нысандар қатарынан 77,4 пайызды құрады.
Белгілі болғандай, мүмкіндігі шектеулі азаматтар жиі баратын нысандардың арасында 100 пайыз төлқұжаттандыру жұмыстары Ақмола, Алматы, Қостанай, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында еңсерілген. Төлқұжаттандырудың төмен қарқыны Маңғыстау облысында (1 мың 590 нысаннан 390), Жамбыл облысында (3 мың 36 нысаннан 904), Астана қаласында (1 мың 106 нысаннан 401), Шығыс Қазақстан облысында (3 мың 907 нысаннан 1 мың 926) байқалған.
Бейімдеуге жататын нысандардың жалпы көлемінен 90 пайыздан астамы Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында қолайлы қалыпқа келтірілген. Сондай-ақ бейімдеудің төмен деңгейі Маңғыстау облысында (347 нысаннан 97), Қарағанды облысында (785 нысаннан 302), Батыс Қазақстан облысында (955 нысаннан 467), Солтүстік Қазақстан облысында (1735 нысаннан 876), Ақтөбе облысында (702 нысаннан 295), Қостанай облысында (1 мың 166 нысаннан 593), Жамбыл облысында (904 нысаннан 598), Астана қаласында (309 нысаннан 132) назарға іліккен.
Оның сөзіне қарағанда, Астанада мүмкіндігі шектеулі адамдардың барлық санаттары үшін толық 100 пайызға жабдықталған бірде-бір нысан жоқ. 2016 жылы елордада қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсаты бойынша тек 132 нысан ғана қамтылды
«Мәселен, бір нысанда пандус, дыбыс құрылғылары қойылса, осында өзге топтар үшін, яғни мүгедектердің өзге санаттарына тиісті жағдай жасалмаған. Бұл Астана үшін көрсеткіш емес және осы мәселеде қаланың мүмкіндігі де жоқ деп айта алмаймыз»,-деді вице-министр.
Осы орайда ол нысандардағы бейімдеу жұмыстарына тек әкімдік қана емес, сонымен қатар кәсіпкерлер, дәріханалар мен сауда орындарының иелері жауапты екенін жеткізді.