Астана нысандары жылу беру маусымына 100 пайыз дайын - Әкімдік

Бұл туралы бүгін Астана әкімдігінде қала басшысы Иманғали Тасмағамбетовтың төрағалығымен өткен жиында 2011-2012 жылу беру маусымына дайындық бойынша қалалық штабтың төрағасы Василий Крылов мәлім етті.
«Штаб жұмысының аясында «Астана-Жылутранзит» АҚ қаланың аудандық әкімдіктерімен бірлесіп, тұрғын үй қорының және әлеуметтік нысандардың күзгі-қысқы маусымға даярлығын жасады. Қазіргі уақытта олардың барлығы жылыту кезеңіне 100 пайыз дайын», - деді қала әкімінің орынбасары В. Крылов.
Оның баяндамасына сәйкес, елордада барлығы 1903 тұрғын үй, 115 білім, 26 денсаулық сақтау және 12 мәдени нысан қысқы маусымға қамданып үлгерген.
«Әлеуметтік-мәдени, тұрмыстық нысандардың дайындығы өте маңызды мәселе. Оған қаладағы тұрғын үйлер қоры, денсаулық сақтау нысандары, білім беру мекемелері, мәдениет нысандары кіреді», - деді Иманғали Тасмағамбетов.
Штаб төрағасы В. Крыловтың айтуынша, ТЭЦ-1 және ТЭЦ-2 қоймаларында 290 мың тонна көмір мен 8,5 мың тонна мазут бар. Бұл Астана қаласының қысқы маусымды аман-есен өткеруге толық мүмкіндік береді.
Елорда әкімінің айтуынша, әлеуметтік-мәдени, тұрмыстық нысандарға 15 қазаннан бастап жылу беріле бастайды.