Астана оқушылары Ішкі істер департаменті мұражайында болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында мектеп оқушылары Астана қаласы ІІД мұражайында болды, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен.
Ол жерде оқушыларға ішкі істер органдарының әр кезеңдегі қалыптасу және даму тарихы жайлы айтылды. Сонымен қатар, жас қонақтарға қызметкерлердің форма киімдері мен қарулары көрсетілді. Бүгінде мұражай қоры бірегей құжаттар негізінде жасалған үлкен тарихи құндылыққа ие. Қазіргі таңда мұражайда 2500-ден астам зат сақталған. Соның ішінде грамоталар, сыйлықтар, фотосуреттер, қызметкерлердің жеке заттары және тағы басқалары бар. Ең бірегей экспонаттар ретінде ішкі әскер өкілдері 1945 жылы алғаш рет Мәскеудегі шеруге киген Целиноград милициясы гарнизонының белгісі, жеңге тағатын жапсырмаларды атауға болады. ҰОС кезіндегі экспонаттар мектеп оқушыларының зор қызығушылығын туғызды. Галереяда ардагерлер туралы естеліктер мен олардың өмірбаяндары сақтаулы. Соғыс коллекциясының ішінде пулеметтер, минометтар, жауынгер каскалары, жарылған миналардың корпустары, оқтар, гильзалар бар.