«Астана» өңірлік қолбасшылығындағы сержанттарды даярлау курстары - армияны кәсібилендірудегі тағы бір қадам
ҚР ҚМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқыту үдерісінде және курс аяқталғаннан кейін емтихан кезінде сержанттар пәндер бойынша машықтарын растап қана қоймай, дайындықтың анағұрлым жоғары деңгейіне шығуы қажет. Жоғары ұпай жинаған ең кәсіби әскери қызметшілер сертификатқа ие болады.
«Астана» өңірлік қолбасшылығынан мәлім еткендей, сержанттар үшін сертификат алу дайындықтың маңызды элементі болып табылады. Курста әрбір әскери қызметші білімі мен дағдысын арттырады, өзінің теориялық және практикалық дайындығындағы «осал тұстарын» жетілдіреді. Кәсіби тұрғыда өсумен қатар дарынды, үлгілі әскери қызметшілерге мансаптық сатыда жоғарылау үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады. Бұл әскери мансапты жалғастыру және әскерлердің жалпы жауынгерлік қабілеттілігін нығайту үшін аса маңызды.
Аталған курс жылына бір рет өткізіледі. Бұл Қарулы Күштердің жаңғыруы мен әрі қарай толыққанды дамуына дәнекер болатын сержанттар құрамының деңгейін сапалы арттыру және армияның қуатты кәсіби негізін құруда басты тәсілдердің бірі болып табылады.