«Астана» өңірлік қолбасшылығының сардарлары балаларды Жаңа жылмен құттықтады
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – «Астана» өңірлік қолбасшылығының сардарлары Ғабиден Мұстафин атындағы мектеп оқушыларын, сондай-ақ Қарағанды мен Приозёрск қаласының әскери қызметшілерінің дамуында ерекшеліктері бар балаларын келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады.
Жаңа жыл қарсаңында ерекше балалар ертегі әлеміне шомып, ғажайыптарға сене алды. «Астана» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері Аяз Ата мен Ақшақардың киімдерін киіп, оларды тәтті сыйлықтармен ғана емес, нағыз шағын көрініспен де қуантты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Балаларды Жаңа жылмен құттықтау біздің әскери қызметшілер үшін жақсы дәстүрге айналды. Барлық сыйлықтар ерікті түрде жиналады. Біз балалардың жас ерекшеліктерін және олардың қалауларын ескеруге тырыстық. Балаларға мереке сыйладық деп үміттенеміз», – деді әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс жөніндегі қызметтің нұсқаушысы Гүлнәр Сматова.

Аяз ата мен Ақшақар рөлінде тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі аға офицер майор Жандос Тазабеков пен азаматтық қызметші Айжан Исанова болды.

«Мен үшін Аяз Атаның рөлі бұрыннан таныс. Мен оны жыл сайын дерлік орындаймын. Мен балаларды қуантқанды жақсы көремін, өзімнің төрт балам бар. Мен балалардың ғажайыптарға, мейірімділікке сенгенін және мерекені шынымен сезінгенін қалаймын. Аяз атасыз қандай мереке?» – дейді Жандос Тазабеков.