«Астана Опера» алғашқы «Жібек жолы» халықаралық фестивалін өткізеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана Опера» алғашқы «Жібек жолы» халықаралық фестивалін ұйымдастырады. Елорда театрының сахнасында Италия, Франция, Қытай, Ресей және Қазақстаннан келген опера және балет жұлдыздары өнер көрсетеді.

«Астана Опера» алғашқы «Жібек жолы» халықаралық фестивалін өткізеді

Астана тұрғындары мен қонақтары жоғары өнер мерекесін 17 қыркүйек пен 5 қазан аралығында тамашалай алады, деп хабарлайды «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі.

Фестиваль бағдарламасы бойынша «Астана Опера» театрының үздік спектакльдері: «Ла Скала» театрының түпнұсқадағы қойылымы - режиссер Лука Ронконидің нұсқасындағы «Тоска» операсы көрермен назарына 17 қыркүйекте ұсынылады. Қойылымға қатысатын итальяндық жұлдыздар құрамы: Тоска - Anna Pirozzi (Италия), Каварадосси - Massimo Giordano (Италия), Скарпиа - Alberto Gazale (Италия). С. Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта» балетін 19 қыркүйекте көруге болады, Ромео рөліне Роман Михайлов (Франция) шақыртылса, Джульеттаны Мәдина Баспаева (Қазақстан) сомдайды. М. Төлебаевтың «Бiржан-Сара» операсы Мариинский театрының жетекші солисі Ахмет Ағадидің (Ресей) және Сара партиясын тамаша орындайтын Қазақстан Республикасының, Татарстан Республикасының Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Нұржамал Үсенбаеваның (Қазақстан) қатысуымен 20 қыркүйекте қойылады. А. Хачатурянның сахналық қойылымы - «Спартак» балетін көрермен 23 қыркүйекте тамашалай алады, Эгина партиясын Ресейдің Үлкен театрының прима балеринасы Екатерина Шипулина (Ресей) сомдайды. Әлемдік мәдениеттің феномені - «Аққулы көл» балетімен 27 қыркүйекте тамсануға болады. Одетта партиясын Халықаралық конкурстардың дипломанты, «Астана Опера» балетінің жетекші солисі Әйгерім Бекетаева (Қазақстан), Зигфрид партиясын Мариинский театры балеттік труппасының саңлағы, Vaganova-prix Халықаралық конкурсының лауреаты Григорий Попов (Ресей) орындайды. «Астана Опера» жұлдыздары қатысатын гала-концерт 29 қыркүйекте өтеді.

Атақты Абай атындағы МАОБТ фестивальға П. Чайковский, А. Шнитке және Ж. Бизенің музыкасына жазылған Б. Эйфманның «Қызыл Жизель» балетін әкеледі. Жанды баурап алатын, хореографиясы ерекше мәнерлі заманауи балетті 21 қыркүйекте көруге болады. Балеттік спектакльдің қоюшы суретшісі - Мартинс Вилькарсис (Рига қаласы), костюм суретшісі - Вячеслав Окунев, Ресейдің халық суретшісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері (Санкт-Петербор қаласы).

Ұлттық Қытай театры (ҚХР) 25 қыркүйекте Қытайдың бірегей ұлттық мәдениетін, атап айтқанда оның опера және балет өнерін, сондай-ақ қызықтыратын халық әндері мен би қойылымдарынан тұратын концерт ұсынады.

27 қыркүйекте Aterballeto (Италия), Абай ат. МАОБТ (Қазақстан), Мариинский театрларының (Ресей) қатысуымен бүгінгі балет өнерінің жағдайын қозғайтын конференция өтеді.

Бибігүл Төлегенованың «Сүю, үміттену және сену» атты 30 қыркүйекте боатын бенифисі КСРО халық әртісінің 85 жылдық мерейтойына арналады. Концерт бағдарламасында Қазақстан және шетел композиторларының операсынан ариялар, халық әндері, романстар, аспапқа арнап жазылған туындылар бар. Кеште Қазақстанның белгілі опера әншілері, Бибігүл Төлегенова атындағы конкурстың лауреаттары, оның шәкірттері мен дәстүрін жалғастырушылар өнер көрсетеді. Концерт «Астана Опера» хорының және симфониялық оркестрінің қатысуымен өтеді.

Орталық Азияда алғашқы рет аты аңызға айналған Мариинский театрының жауап ретіндегі гастролі өтіп, ресейлік театр Р. Вагнердің «Нибелунг сақинасы» тетралогиясының екі бөлігін: 3 қазанда «Рейн алтыны» операсын орындаса, 4 қазанда Мариинский труппасы сапарын «Валькирия» операсымен аяқтайды. Аталған опералардың Қазақстанда бұған дейін орындалмағанын атап өткен жөн.

«Жібек Жолы» фестивалі бағдарламасын 5 қазан күні «Астана Балет» ұжымы жабады.