«Астана Опера» әртістері Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қояды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жеңіс Күні, 9 мамырда «Астана Опера» әртістері Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қояды.

«Астана Опера» әртістері Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қояды

Өнер ұжымының баспасөз қызметінің хабарлауынша, елордалық театр ұлы мерекеге жан-жақты дайындалды, барша труппа - опера, балет солисттері, хор және симфониялық оркестр «Астана Опера» сахнасында өтетін шараларға атсалысады. Мұнымен қатар әртістер Ұлы Отан соғысына қатысқан Кеңес Одағының Батыры, панфиловшы Бауыржан Момышұлының ескерткішіне тағзым етеді. Гүл қою рәсімі 11:20 өтеді.

Қазақстандық батыр, аты аңызға айналған қолбасшы өзінің ерліктерімен әйгілі. Ол Ұлы отан соғысына 1941 жылдың қыркүйек айынан бастап қатысып, генерал-майор Панфилов басқарған 316 атқыштар дивизиясында болған. Мәскеу түбіндегі шайқаста паш еткен ерлігі үшін оған 1942 жылы Кеңес Одағының Батыры атағын беру ұсынылды. Алайда бұл марапатқа ол тек қайтыс болғаннан кейін 1990 жылдың 11 желтоқсанында лайықты деп танылды.

Театр солистері, отандастарымыздың ерлігін ұмытпаған аса маңызды екенін атап өтті.

- Бұл зұлмат соғыс қаншама адамның өмірін қиды. Біздің міндетіміз - бүгінгі аспанымыздың ашық болуына жанын да аямаған адамдарды естен шығармау. Қуанышты мереке барша жұртты - үлкенді-кішіні біріктіреді. Бейбіт өмірге қол жеткізу үшін ерлік жасағандар жайлы естелік ұрпақтан ұрпаққа жеткізіледі, - дейді «Астана Опера» әртістері.

Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлына арналған ескерткіш Есіл өзенінің жағасы маңындағы, Б. Момышұлы даңғылындағы (Астана қ.) өзінің атымен аталған гүл бақта орналасқан.