«Астана Опера» балетінің әртістері итальяндықтардың зор қошеметіне бөленді (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана Опера» балетінің дарынды әртістері итальяндықтарды таң қалдырды, деп хабарлайды өнер ұжымының баспасөз қызметі.
Генуяда 21 қаңтарда болған «Спартак» балеттік спектаклінің алғашқы көрсетілімінде екі жарым мыңнан астам көрермен ұзақ қол шапалақтап, қошемет көрсетті.
Сюжеттің қалай өрбігенін, әртістер шеберлігін мұқият қадағалап отырған көпшілік Бақтияр Адамжанға (Спартак) ерекше ықылас білдірді. Шапалағын аямаған әлеумет, оның үлкен талант иесі екенін айтып жатты. Екінші құрамда Спартакты Досжан Табылды сомдайтынын айта кетейік, Красты ҚР еңбек сіңірген қайраткері Тайыр Гатауов орындаса, Фригия - ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Баспаева, ал екінші күні Әнел Рүстемова билейді, Эгина - ҚР еңбек сіңірген қайраткері - Гауһар Усина, ал екінші құрамда Әйгерім Бекетаева орындайды. Балеттің бұл жетістігіне өзінің асқан шеберлігін паш еткен корбедалеттің қосқан үлесі де мол.
«Мен әртістердің өнеріне қайран болдым. Қойылым керемет, балет тамаша. Басты партияны орындаған бишілер асқан шебер екен. Біз «Астана Опера» театрымен ынтымақтастық құруға мүдделіміз және тек балет труппасына ғана емес, сондай-ақ опералық труппасына да қызығып отырмыз», - дейді ойымен бөліскен «Карло Феличе» театрының директоры Маурицио Рой.
Итальяндық балет сүйер қауым афишаны қалт жібермей қадағалап келгенін айтады. «Бұл екі шараны назардан тыс қалдыруға болмайды. Бүгін біз «Астана Опера» балеттік труппасы ұсынған бидің кереметтігінен шексіз ләззат алдық. Осы арқылы біз қазақ труппасының деңгейімен таныстық. Әртістердің техникалық мүмкіндігіне, олардың актерлық шеберлігіне тәнті болдық. Осы кештен кейін «Спартактың» әлі де өзекті екенін сенімді түрде айта аламыз. Біз 23 қаңтарда өтетін «Гала Балетке» де бармақшымыз, неге десеңіз, ұлттық балетті де тамашалаған өте қызық болып тұр, сонымен қатар жас балет труппасының ұлы классиктердің жауһарларын қалай орындайтынын да көрсек дейміз».
«Карло Феличе» театрының арт директоры, маэстро Джузеппе Аквавива труппаның Генуяға келуі, қос театр арасындағы ынтымақтастықпен байланысты екенін атап өтті. - Бүгін генуялық театрдың оркестріне Айдар Әбжаһанов дирижерлік етті, ал хор маэстро Пабло Ассантенің жетекшілігімен өнер көрсетті. Қазақстандық труппаның бүгінде бізде өнер көрсетуі - мәдени ынтымақтастықтың көрсеткіші.
Гастроль барысында фойе театрына қойылған «Экспо-2017» экспозициялары басты оқиғаға айналды. Көрменің тақырыбы - «Болашақ энергиясы».