«Астана Опера» бүлдіршіндерді ішекті аспаптар туралы қойылымымен қуантпақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - 26 қазанда «Астана Опера» театрының камералық залында алғаш рет «Театрға саяхат» балалар абонементі аясында қазақ және орыс тілдерінде «Тату-тәтті ішекті және басқа аспаптар отбасы» атты концерт өтеді, деп хабарлайды театрдың баспасөз қызметінен.

«Астана Опера» бүлдіршіндерді ішекті аспаптар туралы қойылымымен қуантпақ

Театрландырылған қойылым-концерт кішкентай тыңдарманды ішекті аспаптардың қалай пайда болғанымен, сондай-ақ олардың қалай құрылғанымен таныстырады. Классикалық аспаптар халық аспаптарынан бастау алатыны белгілі, кеште олардың да дыбысы қалай шығатынын естіп-білуге болады. Музыка әлеміне саяхат көңілді қыздыратын гитараның және әсем арфаның дыбысымен көрініс бермек. Жас көрерменге олардың құрдастары жеке аспапта орындайтын нөмірлерден тосынсый әзірледі. Мұнымен қатар бағдарламаны «Мазурка» және «Полонез» билері түрлендіреді.

Шараның негізгі мақсаты - өскелең ұрпақтың классикалық музыка және музыкалық аспаптар жайлы білімін жетілдіру.

«Біз кішкентай көрерменді алдымен аспаптардың үнімен таныстырып, содан кейін музыкалық жанрларға кезек берейік деп шештік. Театрдың болашақ көрерменін қандай етіп тәрбиелейтініміз көбінесе біздің бүгінгі жүргізіп жатқан жұмыстарымызға, оларға қандай репертуар ұсынатынымызға байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, балаларға музыка жайлы дәрістер оқу пайдалы болады деп есептеймін. Театрға бүкіл отбасымен келгенге ыңғайлы болсын деп біз мұндай концерттерді демалыс күндері өткіземіз», - дейді музыкатанушы Сәуле Мәулетова.

16 қарашада өтетін келесі концерт үрлемелі және ұрмалы аспаптарға арналады. Одан кейін көрермен назарына С.Прокофьевтің «Петя мен қасқыр» симфониялық ертегісі ұсынылады. Театр жоспарында «Түрлі музыкалық дауыстар» деп аталатын концерттер сериясын өткізу де бар, мұндағы мақсат - аудиторияны вокалдық дауыстың түрлерімен таныстыру.