Astana Opera-да Наурыз жыры шырқалады

Мәдениет
Фото: astanaopera.kz

АСТАНА. KAZINFORM — 20 наурызда Astana Opera Халықаралық опера академиясы ұсынатын «Наурыз – көктем» концерті аясында К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында Наурыз жыры шырқалады. Бұл туралы театрдың баспасөз қызметі мәлім етті.

Кештің айтулы сәті хорват, орыс және тәжік сынды түрлі ұлт вокалистерінің ұлттық әндерді орындауы болмақшы. Сондай-ақ көрермендерге ұлттық мейрамның әсемдігі мен ұлылығын бейнелейтін вокалдық туындыларға толы жарқын әрі жүрек толқытарлық бағдарлама сыйлау үшін концерт опера академиясының басқа да дарынды жас солистерінің басын қосады. 

— Astana Opera Халықаралық опера академиясының тыңдаушылары атқарған концерттердің көбі батыс еуропа композиторларының туындыларын қамтыған болатын. Тыңдаушылардың осы жолғы курсымен біз сондай-ақ қазақ музыкасы бөлімін белсенді үйреніп жатырмыз. Бұл концертте мәдениетіміздің байлығын көрсеткіміз келеді, сондықтан біз барлығымыз ұлттық киіммен өнер көрсетеміз және сахнаны да осындай керемет стильде безендіреміз. Қазір қызу дайындық жүріп жатыр. Ерекше форматта өтетін концерт халық композиторларының жүректен шыққан әсем әндері бірінен соң бірі төгілетін тойды еске түсіретін болады. Академияның шетелдік тыңдаушылары қазақ туындыларын орындайды. Бұл оларға біздің халқымызды жақынырақ тануға және оның салт-дәстүрін бағалауға мүмкіндік береді, өйткені мәдениет — кез келген мемлекеттің төл белгісі, — деді Astana Opera Халықаралық опера академиясының атқарушы директоры Айсұлу Тәни.

Сопранолар Лейла Аламанова, Фируза Рахметова, Анастасия Ремескова, тенорлар Нұрсұлтан Әнуарбек, Мерей Қадырханов, Шохрух Юнусов, сондай-ақ баритондар Сұлтан Бақытжан, Бекұлан Ерболатұлы, Нематилло Зкруллаев, Юрица Юрасич Капун сынды тамаша солистердің орындауында көрермендер қазақ мәдениетінің байлығын бейнелейтін музыкалық шығармаларды естиді. Бағдарлама А.Жұбанов пен Л.Хамидидің аттас операсынан Абайдың әйгілі ариясынсыз өтпейді, оған қоса Сегіз серінің «Алқоңыры» және тағы басқа шығармалар шырқалады.

«Музыкалық мерекеге дайындықта вокал бойынша тәлімгерлер де маңызды рөл атқарады, олар — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Азамат Жылтыркөзов пен Жұпар Ғабдуллина, сондай-ақ фортепианоны шебер меңгерген дарынды концертмейстерлер Дина Мирманова мен Жанар Ахметова. Өз ісінің кәсіби шеберлері сахнада мерекелік атмосфера жасауға көмектесіп, әрбір көрерменге жүректерді көктемгі жігермен толтыратын музыка мен сезімдер әлеміне енуге мүмкіндік береді» - делінген хабарламада. 

Осылайша, «Наурыз — көктем» концерті жас опера орындаушыларының музыкалық шығармашылығын ұсынып, шаттықты, жаңару мен гүлденуді бейнелейтін көпшілік ұнататын жалпы халықтық мейрамды мерекелеу кезіндегі мәдениеттер мен дәстүрлерді біріктірудің өзіндік бір нышанына айналмақ.

Соңғы жаңалықтар