«Астана Опера» Камералық залының концерттік маусымы ашылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазан айының бірінші күні - Халықаралық музыка күніне орай дәстүр бойынша «Астана Опера» Камералық залының концерттік маусымы салтанатты түрде ашылды.
Жаңа маусым музыкалық тосын сыйға толы, атап айтқанда, көрерменді ағымдағы жылдың соңына дейін мазмұнды бағдарлама, сондай-ақ әкімшілік әзірлеген абонементтер топтамасына арналған икемді жеңілдіктер жүйесі күтіп тұр, деп хабарлайды театрдың баспасөз қызметі.
«Астана Операның» камералық залы жаңа маусымда классикалық музыканы ұнататын қауымға «Bel Canto музыкалық салоны», «Сиқырлы дауыстар әлемі» және «Театрға саяхат» атты балалар абонементін ұсынады. Әр абонемент бойынша үш концертке баруға болады (айына бір рет).
«Абонементтің бір тақырып аясына біріктірілуі - биылғы маусымның жаңалығы. Бір абонементті сатып алып, бірден 3 концерттің билетін иеленуге болады, осылайша көрерменіміздің уақытын және қаржысын үнемдей аламыз. Нәтижесінде, тыңдарманның үлкен жеңілдікке қол жеткізуге мүмкіндігі бар, айталық, бірден 3 балалар концертінің абонементін сатып алса, жеңілдік 50%-ға тең, ал үлкендерде бұл концерт бағасының үштен бір бөлігін құрайды», - дейді Камералық залдың жетекшісі Маржан Жәкенова.
Концертке музыкалық дауыстар алуандығын паш ететін меццо-сопрано, сопрано, тенор, бас, баритон дауысты опера солистері қатысады. Олардың орындауында әлемдік классика қоржынындағы қазақстандық және батыс еуропалық композиторлардың ең жақсы опералық туындыларынан көріністер, танымал әндер, романстар, дуэттер шырқалады.