«Астана Опера» көрермендерге «Абай арманы» концертін ұсынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ хандығы құрылғанына 550 жыл және қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 170 жыл толғанына орай 20 сәуірде «Астана Опера» театрының Камералық залында «Абай арманы» атты концерті өтеді, деп хабарлайды театрдың баспасөз қызметінен.

«Астана Опера» көрермендерге «Абай арманы» концертін ұсынады

Кештің шымылдығы Қазақ хандығының құрылу тарихы жайлы қысқаметражды фильммен ашылады. Онда қазақтың хандары, хандықтың жүзге бөлінгені және қазақ халқының данышпан ұлы - Абай Құнанбайұлы жайлы мұрағаттағы бірегей материалдар қолданылған. Аталған кеште тыңдарман назарына оның «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Мен сәлем жазамын», «Татьянаның хаты» (А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» атты өлең түріндегі романы) және басқа да белгілі туындылары ұсынылады. Қазақтың музыкалық мәдениетінің игілігіне айналған шығармалар көпшілік сүйіп тыңдайтын халық әндерімен алмасады. Қазақтың ұлы ақынының өлеңдері кешке поэзиялық арқау болады.

Барша тыңдарманға жанға жайлы осы концертті сыйлаған солист ҚР Еңбек сіңірген әртісі Ғалия Байғазинова болса, концертмейстер - Гүлзада Құсайынова, жүргізушілер - өнерлі жастардың «Шабыт» халықаралық фестивалінің лауреаты Қайсар Әбдіров және Заңғар Ақаев болмақ.