«Астана Опера» көрерменіне таңғажайып музыка кешін ұсынғалы отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Дүниежүзінде сүйікті мерекеге айналған Рождество «Астана Операда» жанға жайлы музыка кешінен бастау алады. 21 желтоқсанда «Bel Сanto музыкалық салоны» абонементінің аясында театрдың Камералық залында «Аве Мария» атты концерт өтеді, деп хабарлады театрдың баспасөз қызметінен.

«Астана Опера» көрерменіне таңғажайып музыка кешін ұсынғалы отыр

Көрермен назарына әртүрлі стильдегі және бағыттағы шығармалар - Жаңару дәуірінен бастап, XX ғасыр композиторларының музыкасына дейін ұсынылады. Тыңдарманды тосынсый мен жаңалық күтеді, атап айтқанда, қазақстандық музыка сүйер қауым үшін жаңа музыкалық шығармалар орындалып, танымал композициялардың құпия болып келген сырлары ашылады. Елорда көрерменінің «Астана Операдағы» сүйікті солистерінің орындауында вокалдық, аспаптық жанрлардағы батыс еуропалық композиторлар: К.В. Глюк, И.С. Бах, Г.Ф. Гендель, В.А. Моцарт, Дж. Каччини, Т. Альбинони, Ф. Шуберт, П. Масканьи, Ш. Гуно, А. Дворжак, К. Сен-Санс, В. Гомес, А Пьяцолла және басқалардың туындылары шырқалады. «Аве Мария» - «Мария, қуана бер» деген мағынаны білдіреді. Концерт бағдарламасында «Аве Мария» деп бірдей аталатын әртүрлі авторлардың шығармалары және басқа рухани музыканың жауһарлары шырқалады. «Ұлы композиторлардың асқақ музыкасы ерекше рухтандыратын атмосфера сыйлап, нұр шашқан Рождество мерекесі қарсаңындағы осы бір классикалық музыка кеші тыңдарманға керемет қуаныш сыйлайды», - дейді музыкалық кеңесші Раушан Бескемпірова.