«Астана Опера» өнерпазына тәнті болған Торонто жұртшылығы «болашақтың скрипкашысы» деген ат берді - ФОТО
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана Опера» труппасының Карнеги Холда тамаша концерт беретіні жайлы жаңалық Канадаға театр солисттерінен бұрын жетіпті. Мұнда қазақстандық өнер ұжымы 30 қазанда концерт берді. Кеш лезде өте шыққандай әсер беріп, көрерменнің әртістерді жібергісі келмегені бар, тіпті, концерттен кейін әйгілі Sony Centre есігіне жиылған жұрт оларды күтіп тұрған автобусқа дейін шығарып салды, деп хабарлады аталған өнер ордасының баспасөз қызметі.
Концерт алдында өткен баспасөз мәслихатында журналисттер елордалық театрдың техникалық мүмкіндіктері, «Астана Опера» репертуарын толықтырған әлемдік деңгейдегі қойылымдар, сондай-ақ қолжетімді билет бағасы жайлы көптеген сұрақтар қойып жатты. Театр директоры Төлеген Мұхамеджанов аталған сәулетті ғимараттың бірегейлігі туралы толығырақ айтып берді де, Қазақстанға осындай тамаша сыйлық жасаған президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа жаңа Өнер ордасы үшін алғыс білдірді.
Директор, сонымен қатар, біз әлемнің әртүрлі елдерімен достық көпірін мәдениет арқылы қалайтынымызды атап өтті. Төлеген Мұхамеджанов барлығын Қазақстанға, өте икемді баға саясатын ұстанатын және кез келген концертінің билетін 2 доллар 80 центтен басталатын бағаға сатып алуға болатын «Астана Опера» театрына шақырды, мұндай баға БАҚ өкілдерін таң қалдырғаны сөзсіз.
«Қазақстан халқының қаншалықты өнерлі екенін, оның мәдениетінің қаншалықты сан қырлы екенін Канададағылар жақсы біледі, алайда сырттай біліп, ол жайлы оқып, естіген бір бөлек те, мұндай «Астана Опера» театрының симфониялық оркестрі, хоры мен тамаша солисттерінен тұратын кәсіби ұжымды өз көзіңмен көрген бір бөлек. Қазақстанның мәдениетінде бір төбе болып тұрған өнер ордасын шақырудан басталған мәдени саладағы даму үрдісі жалпы екі жақтың қарым-қатынасына пайдасын тигізеді деп ойлаймын. Экономиканы, саяси байланысты ғана дамытып қою жеткіліксіз, халықтық дипломатияны, мәдени қарым-қатынас саласындағы серіктестікті де дамыту қажет. Бұл Канадамен мәдени сала қарым-қатынасын дамытудағы алға басқан бірінші, маңызды, үлкен қадамымыз. «Ең ұзақ жол алғашқы қадамнан басталады» демекші, осы тұрғыда біз мақалды ұстанамыз деп үміттенемін, алайда бұл ілгері басқан алғашқы қадам емес, үлкен қадам», - деді «Астана Опера» театрының труппасын Sony Centre сахнасында қарсы алған Қазақстанның Канададағы елшісі Константин Жигалов .
Осыдан кейін көптен күткен концерт бастау алды. Әртістер паш еткен мәнді де, мәнерлі бағдарламада қазақтың ұлттық музыкасы және опера өнерінің әлемдік жауһарлары бар. Аталған сахнада өнер көрсету кезінде труппа шамалы қобалжыды, неге десеңіз, уақыт тығыз, репетициясыз бірден шығу керек, дегенмен мұндай ыңғайсыздыққа қарамастан, концерт құлақ құрышын қандырып, тамаша өнер көрсетті.
Көрермен қатарында көздеріне жас алып қайтқан Канададағы қандастарымыз да болды. Торонто қаласының тұрғыны Софья Седельникова көптеген елдерде болғанын, сандаған айтулы оркестрлерді тыңдағанын, алайда бұрын-соңды мұндай тамаша әсерде болмағанын айтады.
Канадалықтарды ұлттық музыка және көрнекті скрипкашы Ержан Күлібаевтың керемет ойнағаны ерекше әсерге бөлеп, тыңдарман оны «болашақтың скрипкашысы» деп атады. Концертті «Астана Опера» өнер ұжымының бар қуатын көрсететін Н. Бородиннің «Игорь князь» операсынан Қыпшақтар көрінісі аяқтап, залдағыларды орнынан тұрғызды, әрине, көпшіліктің шалқыған көңіліне сай бұл музыкалық шығарма екінші мәрте «Биске» орындалды.
Торонто университетінің ұстазы, бұрынғы жерлесіміз Земфира Полас солистердің орындау деңгейінің жоғарылығына және оркестрдің таза ойнайтынына тәнті болғанын, сондай-ақ, бұл - әртістермен қатар, театр басшылығының үлкен жұмыс атқарғанының жемісі екенін атап өтті.