Астана опера Ресейдің Үлкен театрымен әртістер алмасады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәскеуде Ресейдің Үлкен театры мен «Астана опера» арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Elorda.info .

 Астана опера Ресейдің Үлкен театрымен әртістер алмасады

Құжатқа Ресейдің Үлкен театрының бас директоры Владимир Урин мен «Астана опера» театрының директоры Ғалым Ахмедьяров қол қойды.

«Меморандум мамандар, әртістер, орындаушы ұжымдар алмасуды, өзара консультациялық көмек көрсетуді, гастрольдік алмасуларды ынталандыруды, бірлескен шығармашылық жобаларды ұйымдастыруды қарастырады», - делінген Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің ресми сайтының хабарламасында.

«Астана опера» директорының сыртқы байланыстар және маркетинг жөніндегі орынбасары Александр Совостьянов бұған дейін мәдени алмасулар аясында ұжымдардың әртістері Астана мен Мәскеуде бірлі-жарым өнер көрсеткенін айтып, енді бұл үдеріс тұрақты түрде болатынына сенім білдірді.

Оның айтуынша, құжат екі шығармашылық ұжымның да әртістеріне үлкен жол ашады.