«Астана Опера» сахнасындағы жұмыс мен үшін жаңа белес - әнші Алфия Кәрімова
АСТАНА. 9 қыркүйек. Қазақпарат - Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі, опера әншісі, колоратуралық сопрано иегері Альфия Кәрімованың жаңа жұмыс орны Қазақстан болды. Жақында ғана ол Ресейдің ең үздік театрларында өнер көрсетсе, енді «Астана Опера» театрындағы жұмысын мақтаныш тұтады.
Ол үшін үлкен өнер, үлкен спорт сияқты. Жаңа жеңістер мен жетістіктер тек табанды еңбек пен өз ісіңе шынайы берілгендіктен ғана туындайды. «Режиссерлық театр» мен XXI ғасыр спектакльдегі міндеттерді кеңейтіп опералық әртістерге деген талаптарға айтарлықтай өзгерістер енгізді. Талдырмаш денелі опералық әнші бүгінгі күнгі опера сахнасындағы өнердің қыр-сырымен бөлісті.
-«Астана Операдағы» жұмыстан не күтесіз?
-Шалқыған әуен, көптеген жаңа кездесулер, ал мен үшін ең бастысы - менімен бұрынан таныс астаналық көрерменмен қауышу. Мен Астанада әртүрлі концерттерде ән айтқам, байқауларға қатысқам, атап айтқанда Бибігүл Төлегенова атындағы байқауда өнер көрсетіп, Гран-пи ұтып алғам. Мен үшін «Астана Опера» сахнасында жұмыс істеу үлкен құрмет, мақтаныш. Енді бұл менің де театрым екенін ойласам кеудемді мақтаныш сезімі билейді.
- Сіздің ойыңызша өміріңіздегі ең үлкен жетістігіңіз қайсысы?
- Менің ойымша, жетістіктерім, шығар белесім әлі алда сияқты. Кезекті жеңісті ой елегінен өткізу үшін маған бір-екі күн жеткілікті, сосын жаңа белестерге ұмтыламын. Мен 29 әртүрлі байқауға қатыстым, олардың ішінде табыстылары да, әттеген-ай дегізген келеңсіз сәттері де болды. Қиындықтың адамды шындай беретіні белгілі ғой, мен үшін олардың бәрі тәлімді тәжірибе.
- Өнеріңізді қастерлейтіндер көп пе?
- Олар Ресейде де, Қазақстанда да өте көп. Бірде Еуропада қызық жағдай болды. Мені төрт рет Испанияға, Ибицаға шақырды. Бұл биді сүйетіндердің жиналатын орны, сонымен бірге мұнда классикалық музыканың халықаралық фестивалі өтіп тұрады, мұнда әншілер, музыканттар, оркестрлер, ансамбльдер бас қосады. Менің де осында өз көрерменім бар. Осындай кезекті жеке концерттен кейін мен Барселонаға ұшпақшы болдым. Паспорттық бақылаудан өтіп, отырғызуды күтіп отырғанмын. Кенет жолаушыларды ұшаққа жіберіп тұрған әйел маған құжатымды көрсетуімді өтінді. Мен болсам, тағы не болып қалды екен деген ойда болдым, ал ол менің құжатымды көріп, Сіз Альфия Кәрімовасыз! Кеше мен сіздің концертіңізде болдым деп жар салды, мақтанышпен. Осындай сәттерде кеудемді қуаныш сезімі сергітеді.
- Опералық әнші жолын таңдауға ұйтқы болған кім?
- Менің тұрақты қолдаушым, анам. Ол кісі биші болуды, немесе музыкалық маман иесі болуды армандапты, бірақ тағдыр тіл маманы болуды жазыпты. Менің анам өте зиялы, біздің театрларымыздың репертуарын жатқа біледі. Әлемдік музыкалық мәдениеттен хабардар, «Травиата» операсынан Виолеттаның ариясын орындап бере алады, опералық классикалық өнерді жанындай жақсы көреді. Әрине анамның ықпалы зор болды. Ол кісі менің қандай да бір салаға көңіл бөлуіме немесе қалауыма араласпады, осы үшін анама өте ризамын. Тоғыз жасымда кәсіптік музыкамен тиянақты айналыса бастағанымда, мені қолдады, ақылын айтты. Бірінші арманым, балерина болу болатын, хореографиялық училищеге келіп едік, қаңтар айында келіңдер деді, бірақ кейінен мен музыкалық мектепте фортопьянада ойнауды үйренгім келетіндігін айттым.
Мен оны пианист ретінде бітірдім, сосын Уфадағы училищені дирижер ретінде бітірдім, сосын өнер институтын тәмамдадым. Екінші курста оқып жүргенде мені опералық театрға әнші ретінде шақырды, бұл өте жауапты, әрі қызықты сәттер болды. Маған осындай мүмкіндік берген адамдарға менің алғысым шексіз. Бұл алғашқы қадамдардың менің үлкен әнші болып қалыптасуыма тигізген пайдасы зор.
- Сіздің ойыңызша мансап пен отбасын бір арнаға тоғыстыруға бола ма?
- Мен үйлестіре алдым. Менің ұлым үш жарым жаста. Жолдасым да өнер адамы, Абай атындағы МАОБТ әншісі Болат Жомартов. Баламның аты Нұрсұлтан. Егер ұлымыз әншілікті таңдаса біз қолдаймыз деп ойлаймын. Біздің кәсібімізде біреудің нұсқаумен, күштеуімен жетістікке жете алмайсың. Тек көмектесу қажет. Отбасы мен үшін шабыт алатын, күш алатын қасиетті ошақ.
- Шабыт деген ұғымды қалай түсінесіз?
- Шабытты өмірден аламын. Менің сахнадағы амплуам - сүйікті әйел болып қалыптасты. Кейде драматикалық рөлдерді де сомдаймын. Өмір тек махаббаттан, жеңістен тұрмайды ғой, әрине жоғалтасың. Өмірде әркім өз ісімен айналысуы керек деп санаймын. Кейде жұмыс барысында әртүрлі жағдайлар болады ғой, осындай пікірдің әралуандығынан тамаша ойлар туындайды.
- Шығармашылық адамы ретінде, өмірде Сізді ренжітетін ұсақ-түйек жайттар бола ма?
- Мен эмоционалды, кез-келген нәрсені көңіліме жақын қабылдайтын адаммын. Бірақ мамандығымыз тек сезімталдықты ғана емес, қорғана білуді де талап етеді. Қолда барды уысыңда ұстай білу үшін өткір мінез де артық болмайды. Менің ойымша, адам қашан да қарапайым болу керек, ешкімге жамандық жасамау, шамаң келгенше жақсылық жасау өмірде аса маңызды.
- Дауыс жақсы шығуы үшін арнайы диета ұстау керек пе?
- Егер бәрі азық-түлікпен шешілетін болса, бәрі әнші болып кетер еді, бұл әрине еңбек. Мен есейген сайын, өз әріптестерімді терең таныған сайын, шамалы дауыспен, ерінбей еңбек етсең үлкен жетістіктерге жетуге болатындығына көзім жетті. Ол үшін әрине жұмысыңды жан-тәніңмен сүйіп, талмай іздену керек.
- Көп күш жұмсаумен есте қалған байқау?
- Әр байқаудың өз ерекшеліктері бар. Алғашқы жарыстарда мен оған аса мән бермедім, келе келе, мұның өте үлкен жауапкершілік екенін ұқтым. Дегеніңе жету үшін талай тер төгу керек екендігін ұқтым. Сонда ғана сан сапаға айналады.
- Шығармашылық жоспарыңыз туралы не айтасыз?
- «Астана Опера» труппасынан лайықты орын алу, жаңа спектакльдерге, қойылымдарда өнегелі өнер көрсету.
- Қалай демаласыз? Көңіліңіздің қалауы не?
- Моншаны жақсы көремін. Фитнес клубтарда жиі боламын. Спорттың адам ағзасына берері көп. Иога да менің күнделікті тұрмысымнан өз орнын алған. Адамның денесі тартылып, сұлуланған сайын, ішкі дүниесі де ажарлана түсетінін бәріміз білеміз.
- Театрға, енді Сіздің театрыңызға айтар жылы тілегіңіз.
- Көрермен көптеп келсе екен деймін. Халық опера мен балеті сүйгенін қалаймын. Өз әріптестеріме шығармашылық табыс тілеймін. Театрдың архитектурасында тарих пен ұлттық сипат әбден үйлесін тапқан. Менің ойымша, әншілер мен музыканттар сахнада өздерін жақсы сезінуі үшін барлық жағдай жасалған.