«Астана Опера» театры Дон Кихот балетін қоюға дайындалуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана Опера» театрының төртінші маусымы Л. Минкустың «Дон Кихот» балетінің тұсаукесерімен басталып, қала қонақтары мен тұрғындарын қуанышқа бөлемекші, деп хабарлайды театрдың баспасөз қызметі.

«Астана Опера» театры Дон Кихот балетін қоюға дайындалуда

Балетті қоюшы балетмейстер - Ресейдің халық әртісі, «Астана Опера» балеттік труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова.

Жарқыраған, әзіл мен құштарлыққа толы балеттің адамды қуанышқа бөлейтін сатирасы мен сарқылмайтын қуаты назарымызды, испандық жазушы Мигель де Сервантестің маңызын жоймайтын әлемдік әдебиеттегі ең танымал шығармаларының бірі «Ламанчалық айлакер идальго Дон Кихот» романына аудартады.  

Алайда балеттің романнан айырмашылығы - басты назарда, романдағыдай, қайғылы бейнедегі рыцарь Дон Кихот емес, трактиршінің қызы Китри мен шаштараз Базильдің махаббаты жайлы оқиға. Рыцарьдің ел кезбелігінің арқасында кейіпкерлер өмірдің қиындықтарын жеңіп, некелеседі. Бұл спектакльде махаббат оқиғасы қиял мен арманға жиі  ауысып отырады. Дон Кихоттың сүйіктісі Дульсинеямен (Китри) дуэті драмалық айқындылықты және кейіпкерлердің сипатын ашып көрсетеді. Китридің рөлі асыра сілтелмеген, оған ерекше мағыналы жауапкершілік артылған - ержүрек рыцарь Дон Кихоттың жалған әлемімен салыстырғанда, жеңілтек әрі ұшқалақ, көңілді бойжеткен шынайы әлемнің бейнесіне айналады.

«Биыл «Дон Кихот» балетіне 147 жыл толады. Балеттің ұзақ жыл маңызын жоймауының құпиясы - күлкілі қырлары мен сезімге толылығында. Асқақтаған сыған билері, Дон Кихоттың түсіне енетін ғажайып дриадалар, бір жарым ғасыр бойы көрерменді  жалықтырмай келеді. Мен Александр Горскийдің өңдеуін негізге алдым, спектакль екі бөлімнен тұрады. Сыған биі өзгертіледі, бұл жолы қимыл-қозғалыс артатынына үміттенемін. Ер солисттердің саны да көбейтіледі. Бұл жолы көрермен тореадор Эспаданың бишімен дуэтін бұрынғыдай кабакта емес, үйлену тойы көрінісінде тамашалайды. Бірінші пердеде кейіпкер классикалық биші ретінде шықса, кейін өзгешеленеді», - дейді Алтынай Асылмұратова.

«Астана Опера» театрының барлық жетекші солистері мен солистері басты партияларда бақ сынап көретіндігі белгілі. Олардың көпшілігі бұл спектакльде өнер көрсеткендіктен, тәжірибелері бар. Мәселен, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Гауһар Усина, Мадина Баспаева Китри рөлін түрлі сахналарда бірнеше рет сомдады.

«Жетекші бишілермен қиындық жоқ, ал негізгі партиялардағы - қиялшыл Дон Кихот, Санчо Панса, бай Гамашпен - жақсылап жұмыс істеуге тура келеді. Барлық кейіпкерлер көрнекті, бейнелі болуы керек. Өте маңызды образ болып табылатын дворян Гамашқа қарап, бірінші бөлімнің сәтті екенін айтуға болады. Егер, бірінші бөлімде бейне ашылмаса, бірінші бөлімді жоқ дей беріңіз. Менің қандай да бір «қызықты айлалар» ойлап тапқым келеді, алайда барлығы өте жоғары талғаммен жасалуы керек. Көрермен Барселонаның қайнаған өмірінен көрініс тамашалай алады, сахнаның әр жерінде, әр бұрышында өмір қайнап жатады. Сонымен қатар, спектакльге міндетті түрде балалар да қатысады», - дейді балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова.

Костюмдер мен декорацияларды елорда халқына белгілі итальяндық шеберлер - «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино  мен  Эцио Фриджерио дайындайды.

Спектакль биыл күзде 28-29 қазанда қойылады.